Түркістан облысында мектептердегі проблемаға қатысты прокуратура іс қозғады
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның мәлімдемесінен кейін Түркістан облысының прокуратурасы өңірдегі мектептерде болған проблемаға әрекет етті.
Айта кетейік, Д. Закиева бұған дейін Түркістан облысындағы мектептерде буллинг, ерте жүктілік және өз-өзіне қол жұмсау фактілерін айтқан болатын. Сонымен қатар ол әлеуметтік қызметкерлер мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар проблемаларды елемей жүргенін айтты.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтен осы деректерді тексеру мүмкіндігі туралы сұрады.
«Бұл мәліметтерді оқыдым. Бұл мәселе Түркістан облысы прокуратурасының бақылауында тұр. Менің білуімше, іс қозғалды. Барлығы сотқа дейінгі тексеру сатысында», - деді Ғ. Қойгелдиев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Instagram желісіндегі парақшасында Солтүстік Қазақстанда түрлі жарақатпен ауруханаға түскен төрт жасар балаға қатысты жаңа мәлімет жариялады.