Түркістан облысында мемлекетке 32 млн теңге шығын келтірген жер қойнауын пайдаланушылар ұсталды
Түркістан облысында мемлекетке 32 миллион теңге шығын келтірген заңсыз жер қойнауын пайдаланушылар ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.

Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралар кешенін өткізді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары Жетісай ауданының аумағында заңсыз жер қойнауын пайдаланумен айналысқан Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 4 тұрғынын ұстады. Олардан 1 жүк тиегіш және «Хово» маркалы 12 жүк көлігі тәркіленді.
«Күдіктілердің құмды заңсыз өндіруге қатысы бар екендігі дәлелденді. Жалпы мемлекетке келген шығын шамамен 32 миллион теңгені құрайды. Қазіргі кезде ҚР ҚК-нің 334-бабы 2-бөлігі «жер қойнауын өз бетінше пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сараптама тағайындалды» - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.