Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдар саны артқан
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Мүгедектігі бар адамдардың ішінде ерлердің қатары көп.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Түркістан облысында кейінгі 5 жылда мүгедектігі бар адамдардың саны артқан. Мәселен, 2020 жылы — 89 060 мүгедектігі бар адам тіркелсе, бұл көрсеткіш 2021 жылы — 92 095-ке өскен. Ал, 2022 жылы — 93 635, 2023 жылы — 96 581, 2024 жылы — 101 065-ке көбейіп отыр.
2023 жылы қайта куәландыру нәтижесінде мүгедектік тағайындалған адамдар саны — 21 219 болса, алғаш рет танылған мүгедектігі бар адамдар саны — 5 777 болған.
Ал, 2024 жылы қайта куәландыру нәтижесінде мүгедектік тағайындалған адамдар саны — 21 165 болып төмендегенімен, алғаш рет танылған мүгедектігі бар адамдар саны — 6 547-ге өсіп отыр.
Түркістан облысы бойынша мүгедектігі бар адамдардың 15,09 пайызын, яғни кәмелет жасқа толмаған жастар құрап отыр. Ал, ер адамдардың үлесі — 55,4 пайыз болса, әйел адамдардың үлесі — 44,6 пайызға тең.
Мүгедектігі бар адамдардың ішінде ең көп кездесетін сырқат түрі — қан айналым жүйесінің аурулары болған. Бұл диагнозбен 16 449 адам мүгедектікке шыққан.
— Талқылайтын болсақ, жалпы себеп өте көп. Біріншіден, адамның өмір салтына байланысты екенін айта кеткен жөн. Тұқым қуалаушылыққа қатысты болуы да мүмкін. Бұл жерде әлеуметтік жағдай мен сыртқы факторлардың да әсері бар. Әйел адам дүниеге сәби алып келгеннен кейін, организмі қайта қалпына келуі үшін 2 жыл уақыт керек. Содан кейін, келесі жүктілікті жоспарлайды. Ал, бізде жиі босанатындар өте көп. Әйел организмі қалпына келіп үлгермегендіктен, іштегі дамып келе жатқан бала керекті қоректермен толық қамтамасыз етілмейді. Күйзеліске түсу де балаға тікелей әсер етеді. Содан неврологиялық ақаулар пайда болады. Бұл ішіп жатқан тамаққа да байланысты болуы мүмкін. Энергетиктер, электронды темекі, калян секілді заттардың барлығы іштегі балаға зиян, - деді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшының орынбасары Бауыржан Сатыбалды.
Ол сондай-ақ ерлі зайыптылар дүниеге сәби алып келуді жоспарласа, оған тыңғылықты дайындалуы керек екенін ескертті.
— 12 аптаға дейін есепке тұрады. Мерзіміне сәйкес уақытылы тексерілуі тиіс. Әйел адамдар дәрігерге уақытылы көрінуі мүмкін. Ал ер адамдар кеңес алуға келмейді. Сондықтан «мүгедектіктің көбеюіне мынау себеп» деп нақты дөп басып айту қиын. Себеп өте көп, - деді Б. Сатыбалды.
Айта кетейік, бұдан бұрын Еуропада қызылшамен ауырғандар саны рекордтық деңгейге жеткенін жазған болатынбыз.