Түркістан облысында нөсерден кейін бірнеше ауылды су басты
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының Қазығұрт ауданында нөсер жауын салдарынан бірнеше елдімекенде көшелер мен аулаларға су кірді.
Әлеуметтік желіде тараған видеолардан ауылдарды жалғайтын жолдар мен елдімекен көшелеріне су жайылғанын көруге болады. Көлкіген су жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілеріне қолайсыздық туғызған.
Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1 қазанда Ақбастау ауылында жауын-шашын салдарынан көшелерге және тұрғын үйлердің жертөлелеріне су жиналған. Сондай-ақ таулы аймақтағы жауын суы төмен қарай ағып, Қосағаш, Қызылсеңгір және Тұрбат ауылдарына жеткен.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің хабарлауынша, сел жүрген аумақтарда жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметкерлері тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
— Оқиға орындарына 9 арнайы техника, 64 адам жұмылдырылды. Қазір сел салдарын жою, аумақтарды тазарту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алдын ала мәлімет бойынша, адам шығыны мен тұрғын үйлердің қирауы тіркелмеген. Жағдай жауапты сала мамандарының тұрақты бақылауында.
Бұған дейін «Қазгидромет» болжамына сәйкес, 1 қазанда жаңбыр жауып, күн суытатыны хабарланған еді.