Түркістан облысында патша өкіметінің пәрменімен салынған көпір сақтаулы тұр

Көпір
Фото: ашық дереккөз

Түркістан облысында патша өкіметінің пәрменімен салынған көпір бар, деп хабарлайды Kazinform.

Көпшілік «Қызыл көпір» атап кеткен аймақ талай тарихи оқиғаларға куә болған. Содан болар өңірде көне тарихтан сыр шертер нысандар көп. Солардың бірі - Бөген өзенінің үстіне орнатылған «Қызыл көпір».

IX ғасырдың 80 жылдары патша өкіметінің пәрменімен салынған нысанға бірде-бір болт немесе гәйкі секілді заттар пайдаланылмаған. Дәнеркерлеуіш те қолданылмаған. Негізгі бөлшектері болат пен темірден жасалған. Ал, су түбіндегі тіреуіші кірпіштен қаланған. Сондай-ақ үлкен ағаштар қойылған. Бір ерекшелігі сол кірпіштер мен ағаштар су түбінде ғасырлар бойы жатса да еш шірімеген. 

«Көзкөргендердің айтуынша сол кездері екі жағын екі солдат қарауылдап тұрады екен. Құлатып кетпесін деген болу керек, қауіпсіздігін қатаң бақылапты. Төбесінде екі қоңырауы және самұрық құстың мүсіні болыпты», - дейді ауыл тұрғыны Құнанбай Жәрменов. 

көпір
Фото: ашық дереккөз

Қызыл көпірдің ұзындығы 34 метр болса, биіктігі 5 метрді құрайды. Ыстық пен суыққа төзімді етіліп салынған аса күрделі инженерлік құрылыс саналатын бұл нысан мемлекет қарауына алынған. 

«Бұл көпір туралы әркім әртүрлі оқиға айтады. Оның алдында ағаш көпір болған деген әңгіме де бар. Созақ, Түркістан аймағында тұратын халық малын айдап, Ташкентке, Шымкентке сол көпір арқылы өткен. Содан патша өкіметі темір көпір салып берді. Оны қызылға бояп қойған. Содан көпшілік бұл аймақты «Қызыл көпір» - «Красный мост» атап кетті. Көпір 1960 жылдарға дейін қолданыста болды. Кейін кеңес үкіметі жаңа көпір салды», - дейді ақсақал.

Кеңес үкіметінің қолға алуымен салынған көпір жобамен 2015 жылдарға дейін қолданылды. Бүкіл Бәйдібек, Созақ аудандарының халқын қаламен байланыстарытын басты жол болды. Тіпті, бұл көпірмен Самара – Шымкент, Түркістан - Шымкент бағытында жүретін көліктер де өтетін. Ал, кейіннен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі салынып, жаңа ғасырдың жаңа көпірі пайдалануға берілді.

«Автобан салына бастағанда құрылысшылар ескі көпірді бұзбақшы болды. Бірақ халық оған жол бермеді. Бұл да бір тарих. Ал, тарихты бүлдіруге болмайды», - дейді Құнанбай қария.

Қазір, ауылдағы үш көпір үш кезеңнің көзіндей сақталып тұр. Біреуі патша өкіметін, ендібірі кеңестік кезеңнен сыр шертеді. Ал, тәуелсіздік жылдары салынған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойындағы үлкен көпір қазір қолданыста. Жергілікті тұрғындар да бұл ел егемендігінің жемісі деп мақтан тұтады. 

Соңғы жаңалықтар