Түркістан облысында полицей пара алды деген күдікпен ұсталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Әлеуметтік желілерде Түркістан облысы Созақ ауданында ҰҚК қызметкерлері полицейге жеке тінту жүргізіп, тексеріп жатқан кезінен бейнежазба тарады. Күдікті қалталарын ақтарып көрсетіп тұрады да, қашуға әрекет жасайды.
Бұл оқиғаға қатысты Түркістан облысы Полиция департаменті ресми түсініктеме берді. Департаменттің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы ҰҚКД-мен бірлесіп, аудандық полиция бөлімінің қызметкерін құқыққа қайшы әрекеттер жасады деген күдікпен ұстаған.
- Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша болған оқиғаның бүкіл мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Осы ретте полиция департаментінде тәртіптік комиссияның отырысы өткізіліп, оның шешімімен қызметкер теріс себептермен ішкі істер органдарынан шығарылды, - делінген ресми хабарламада.
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, ұсталған полицей жергілікті тұрғында тіркелмеген аңшылық қару барын анықтаған. Қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін одан 200 мың теңге талап еткен.
Бұдан бұрын Түркістан облысында екі полицей тәркіленген есірткіні сатып жатқан жерінен ұсталғанын жазған едік.