Түркістан облысында прокуратура 41 заңсыз әкімшілік істі келісуге жол бермеді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өңірде инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында «прокурорлық сүзгі» тетігі күшейтіліп, негізсіз тексерулер мен әкімшілік істерге тосқауыл қойылды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, соңғы екі жылда өңірде мемлекеттік органдардың 300-ге жуық шешімі зерделеніп, нәтижесінде 62 әкімшілік істі қозғаудан және 21 тексеруді тағайындаудан бас тартылған.
– Инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында прокуратура органдары «прокурорлық сүзгі» тетігін жүйелі түрде қолданып келеді. Өткен жылы аталған тетік арқылы 41 заңсыз әкімшілік істі келісуден бас тартылып, 12 инвесторға қатысты негізсіз тексерулер тоқтатылды, – делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар 2024 жылдан бері прокуратура бастамасымен мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізілген «Инвест-Караван» акциялары аясында 60 көшпелі іс-шара ұйымдастырылып, 150 инвестормен тікелей сұхбат жүргізілді және 42 инвесткейстің мәселесі шешімін тапты.
Бұдан бұрын хабарлағандай, өткен жылы Қазақстанда инвесторлар құқығын қорғауға арналған арнайы «прокурорлық сүзгі» механизмі іске қосылған болатын.
Оған сәйкес, мемлекеттік органдар Бас прокуратураның алдын ала келісімінсіз инвесторларға қатысты тексеру жүргізуге, әкімшілік іс қозғауға, талап арыз беруге немесе қандай да бір шектеу қоюға құқылы емес.