Түркістан облысында тас жолда жүргізушіден 1,5 келіден астам есірткі табылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан облысы бойынша Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз сақтап, тасымалдады деген күдікпен Шымкент тұрғынын ұстады.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларын өткізген полицейлер Ордабасы ауданы аумағындағы Шымкент – Түркістан тас жолында мегаполистің 32 жастағы тұрғынының басқаруындағы Nissan Primera автокөлікті тоқтатқан. Жедел уәкілдер тексеру кезінде жүргізушінің көлігінің артқы орындығының астынан есірткіге ұқсас затты тапты.
Заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес есірткі затының жалпы салмағы 1,5 келіден асатын марихуана болып шықты.
Қазіргі уақытта есірткі құралдарын сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталады.