Түркістан облысында тыйым салынған діни материалдарды таратқан шетелдік 7 жылға сотталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында тыйым салынған діни мазмұндағы материалдарды әлеуметтік желілер арқылы таратқан шетелдік азамат қамауға алынды.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желіде терроризм идеясын насихаттайтын экстремистік сипаттағы материалдарды таратқан адамды анықтаған. Тексеру нәтижесінде күдікті ретінде жақын шетелден келген азамат ұсталды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптама жүргізілді. Жиналған дәлелдер негізінде іс Сарыағаш аудандық сотына жолданды. Сот үкімі бойынша айыпталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
— Полиция департаменті тұрғындарды әлеуметтік желідегі күмәнді сайттар мен топтарға кірмеуге, сонымен қатар қырағы болуға шақырады. Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету — әрбір азаматтың ортақ міндеті, — делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында колледж студентінің мәйіті табылғанын жазған болатынбыз.