Түркістан облысында үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі қалай шешіліп жатыр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өңірде 3 ауысымда білім беретін екі мектеп және бір апатты жағдайдағы мектеп бар.

мектеп, парта, оқушы, сабақ
Фото: Қызылорда облыстық білім басқармасы

Бүгінде Түркістан облысында 29 «Келешек мектептің» құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 13 мектеп өткен жылы пайдалануға берілсе, биыл тағы 16 жаңа мектептің құрылысы аяқталмақ.

Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 17 жаңа білім нысанының құрылысы басталған. Жалпы алғанда, облыста 115 мектепті қайта жабдықтау мен жаңғырту жоспарланған болса, соның 41-і биыл жаңартылып жатыр. Бұдан бөлек, 59 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде 2025 жылдың өзінде облыс бойынша 100-ге жуық мектеп жаңартылмақ.

Қазіргі таңда өңірде 3 ауысымды білім беретін екі мектеп және бір апатты жағдайда тұрған мектеп жұмыс істеп тұр.

– Облыста 115 мектепті қайта жабдықтау, яғни реновациялау тізіміне енгіздік. Биыл соның 41-і толық реновациядан өтіп жатыр. Сондай-ақ 2026 - 2027 жылдары қалған мектептер кезең-кезеңімен жаңғыртудан өтеді. Сол кезде, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі түбегейлі шешіледі деп жоспарланып отыр. Үш ауысымды мектепке жақын орналасқан 31 мектеп бар. Мұнда бала саны өте көп, ауылдар дамып жатыр, демографиялық өсім де байқалады. Бұл мәселені «Жайлы мектеп» жобасы мен жекеменшік мектептер есебінен оқушыларды бөлу арқылы шешіп жатырмыз, — деді Түркістан облысы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістандағы әуежай сенімгерлік басқаруға берілетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар