Түркістан облысында үш айдан бері жалақы алмаған мұғалімдер әкімдікке шағымданды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында жекеменшік мектеп мұғалімдері үш айдан бері жалақыларын алмаған. Төзімі таусылған сарыағаштық ұстаздар аудан әкімдігіне барып, мәселелерін тез арада шешуді талап етті.
Жиналғандардың арасында тек мұғалімдер ғана емес, аспаздар, тіпті мектеп құрылтайшылары да бар. Олар оқу жылының басынан бері ақысыз жұмыс істеп жүргендерін айтады.

Бұл қиындық тек мұғалімдерге ғана емес жекеменшік мектеп ашқан кәсіпкерлерге де ауыр тиіп отыр. Бұрын Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» арқылы қаржыландырылған мектептерге биыл бірнеше айдан бері қаражат түспеген. Мәселен, 700 орындық мектеп салған кәсіпкер Исақ Оспанов мемлекеттен 270 млн теңгеден астам қаржыны ала алмай отыр. Тіпті оған 400-ге жуық оқушыға қаржыландыру тоқтауы мүмкін деген хабарлама жіберілген.

— 400 бала қысқарғанда соған сәйкес 35-40 мұғалімді де қысқартуым керек. Несие төлейтін мерзімнің уақыты өтіп, өсімпұл жүріп жатыр. Біз 4 жерден несие алдық. Кеше жалақы болмаған соң несиенің есебінен мұғалімдерге аванс бердім. Мұғалімдерді солай ұстап қалмасақ, басқа амал жоқ. Қазірдің өзінде жұмыстан кетіп қалғандары бар, — деді ол.
Ал аудан әкімі Арман Абдуллаев жағдайдың ушығуына қаржыландыру жүйесінің өзгеруі себеп болғанын айтты. Бұған дейін республикалық деңгейде төленген қаражатпен қамту биылдан бастап жергілікті әкімдіктерге жүктелген.
— Биылдан бастап ол жүйе өзгерді. Енді қаржыны облыстық бюджеттен тиісті басқарма төлесін деген шешім қабылданған. Басқарма қазір түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бір қолдан келесі қолға өткенде барлығын АКТ-імен қабылдап алу керек, — деді ол.

Бүгінде облыста 157 жекеменшік мектеп жұмыс істейді.
Түркістан облыстық білім басқармасының мәліметінше, Оқу-ағарту министрлігінің № 251 бұйрығына және облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес, 7 қарашадан бастап жекеменшік мектептерді қаржыландырудың пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.
— Облыстағы жеке мектептің барлығы Қаржы министрлігіне қарасты Ақпараттық есептеу орталығының «e-Qazyna» порталында тиісті құжаттарын жүктеп, келісімшарт толықтай жасалынды. Қазіргі таңда «BilimClass.kz» платформасы арқылы балалардың сағатына қатысу көрсеткіштері мен олардың басқа білім беру ұйымына ауысу фактілері тексеріліп жатыр. Мәліметтер толықтай тексеріліп, «e-Qazyna» жүйесіне толық көлемде жүктелгеннен кейін көрсетілген қызметтердің орындалу актісі рәсімделіп, Қаржы орталығына жолданды. Бүгінде Қаржы орталығы арқылы 78 мектепке қаржы аударылды, — делінген ведомство ұсынған ақпаратта.
Бұдан бұрын 2026 жылдан бастап жекеменшік мектептер қатаң цифрлық бақылауға өтетінін жазған едік.