Түркістан облысында заңсыз көші-қон ұйымдастырған ер адамның үйінен 30 шетелдік табылды
Түркістан облысында заңсыз көші-қон ұйымдастырған ер адамның үйінен 30 шетелдік табылды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.

Жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар барысында полицейлер Өзбекстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік шекара арқылы заңсыз кіру және шығу үшін сыйақыға қызмет көрсеткен жергілікті тұрғынды анықтады.
Жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде жедел уәкілдер күдіктіні шекарадан кедергісіз өту бойынша қызмет көрсеткені үшін 130 000 теңге ақшалай қаражат алған сәтінде қолға түсірді. Сондай-ақ, тінту кезінде 2,5 миллион теңгеге жуық ақша, 2 ұялы телефон мен құжаттарды тәркіледі.

Сонымен қатар полицейлер тұрғынның жаздық үйін тексеру кезінде, елде болу мерзімін бұзып жүрген Өзбекстанның 30 азаматын анықтады. Ұсталған ер адам оларға Өзбекстанға кедергісіз шығуға кепілдік берген.
«Түркістан облысы полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Сарыағаш ауданының аумағында заңсыз көші-қон ұйымдастырған ер адамды ұстады. Қазіргі уақытта осы факті бойынша ҚР ҚК 394-бабы 1-бөлігі "Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру" бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда» - деді полиция полковнигі Құрманбек Сахов.