Түркістан облысында заңсыз тасымалданған 11 тоннадан астам мұнай өнімі тәркіленді
ТҮРКІСТАН.KAZINFORM — Жанар-жағармайды заңсыз тасымалдаған 15 көлік пен 2 автобус айыптұраққа қойылды.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысының орынбасары Нұргүл Әбдразақованың айтуынша, шекаралық аймақтарда аудандық прокуратура және кеден бекетінің қызметкерлері бірлесе рейд өткізген. Нәтижесінде Сарыағаш қаласындағы «Қапланбек» кеден бекетіне жақын орналасқан бірқатар жанар-жағармай станцасында техникалық қауіпсіздік шараларының сақтамалмағаны анықталып, жауапты басшыларынан түсініктеме алынған.
Сондай-ақ, кей азаматтар 10 литрлік құтылармен АИ-92 маркалы бензинін шекарадан өткізбекші болған. Бұл жағдай бойынша да тиісті шаралар қабылданып отыр.
Қаңтар-ақпан айларында жүргізілген рейд барысында 15 жеңіл көлік және 2 автобус айып тұрағына қойылып, құжаттары сотқа өткен. Қазіргі таңда, сот үш көлікке шешім шығарып, заң аясында жауапкершілік белгіледі.
Жалпы, жыл басынан бері атқарылған жұмыстың нәтижесінде жанар-жағармайды заңсыз тасымалдаған 140 дерек тіркеліп, 5,9 тонна бензин, 5,6 тонна дизель отыны тәркіленген.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен Түркістан облысындағы мұнай өнімдері нарығындағы жағдай бойынша өңірлік штаб отырысы өтті.
Жиында жанар-жағармай бекеттеріне бақылауды күшейту тапсырылды.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында жабдығы ұрланған индустриалды аймақ жұмыс істемей тұрғандығын жазған болатынбыз.