Түркістан облысында жалған инспектор жүк көлігін тоқтатып, пара талап еткен

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM-Көршілес елден келген жүк көлігінің жүргізушісі күдікті азаматты жасырын бейнежазбаға түсіріп алған. 

Түркістан облысында жалған инспектор жүк көлігін тоқтатып, пара талап еткен
Фото: Kazinform

Әлеуметтік желіде тараған видеодан ер адамның азаматтық киімде екені байқалады. Ол өзін құзырлы орган қызметкерімін деп таныстырып, ашық түрде ақша талап еткен.

Бейнежазбада күдіктінің пара сұраған сөздері анық естіледі. Ол жүргізушінің құжаттарын тексеріп, көлікті таразыға тартатынын айтқан. Егер ақша бермесе, келесі күні жолығатынын ескерткен.

Оқиғаға байланысты Көлік министрлігі ресми мәлімдеме таратты.

— Бейнежазба бойынша ішкі тексеріс жүргізілді. Аталған адамның көлік инспекторы емес екені анықталды. Мұндай жағдайлар туындаған жағдайда Көлік министрлігінің ахуалдық орталығына 98-35-35 нөмірі арқылы хабарласуға болады, — делінген ведомство ақпаратында.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында колледж студентінің мәйіті табылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар