Түркістан облысында жалғызбасты кейуана жыңғыл арасында тұрып келген

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Шардарадан 17 шақырым жердегі көл маңында жалғыз тұратын апаны учаскелік полиция қызметкері тапқан.

кейуана
Фото: Pixabay

Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейуананың қазылған жерді үй етіп паналағанын көруге болады. Ішіне қолдан пеш жасап, жағып отырған. Видео авторы бұл жағдайдың Шардара қаласынын 17 шақырым жерде болғанын айтады. 

Ал, жергілікті аудан әкімдігі кейуана Шымкент қаласындағы оңалту орталығына жеткізілгенін мәлімдеді. 

«Азаматшаның тұрған жері жергілікті полиция қызметі арқылы Шардара ауданына қарасты Жаушықұм ауылының маңынан 1 ақпан күні анықталды. Сөйлеу қабілеті нашар болғандықтан аты-жөнін анықтау қиындық тудырды. Сәйкесінше, табылған күннен бастап жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізу мақсатында, сол күні Шымкент қаласындағы оңалту орталығына жеткізілді. Бүгінгі күні оңалту орталығында тиісті жұмыстар жүргізілуде» - делінген Шардара ауданы әкімдігі ұсынған ақпаратта.

Ал, желіде жариялаған видеоға оқырмандар тарапынан түрлі пікірлер жазылып жатыр. Олардың арасында, «Бұл апайдың туған туыстары қайда, бұрыңғы тұрған үйі қайда, бір жерде тұрып жұмыс істеген шығар», «Апамызды қарттар үйіне жайғастырса жақсы болар еді», «Бұл кісінің айдалада тұруына не себеп», «Адам сенгісіз екен...», «Миға қонбайды, түсініксіз жағдай», «Биліктен бұрын ел жұрты, имамы бар ауыл шығар» деген жазбалар бар.

Соңғы жаңалықтар