Түркістан облысында Жаңа жыл түні полицияға 400-ден аса қоңырау түсті
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Жаңа жыл мерекесі кезінде Түркістан облысының полицейлері тәулік бойы күшейтілген режимде қызмет атқарды.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында патрульдік нарядтардың саны артып, қызмет көрсету маршруттары нақтыланды. Азаматтар көп жиналатын орындар мен ойын-сауық орталықтары қатаң бақылауға алынды.
— Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде мереке тыныш өтті. Жаңа жыл түні 102 жедел желісіне барлығы 424 хабарлама түсті. Олардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелері мен түнгі тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда масаң күйде жүру және өзге де құқық бұзушылықтарға қатысты болды. Барлық хабарламаларға полиция тарапынан дер кезінде тиісті шаралар қабылданды, — деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
Облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қатаң қадағалау жаңа жылдық демалыс күндері де жалғасады.
Бұдан бұрын Алматыда Жаңа жыл қарсаңында полиция жасақтарының саны артқанын жазған едік.