Түркістан облысында жанар-жағармай бекеті өртенді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Әлеуметтік желілерде Түркістан облысы Сайрам ауданында жол бойындағы жанармай құю бекетінің өртеніп жатқан бейнежазбасы тарады.
Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылындағы «Ақсу-Қарабұлақ» тас жолының бойында орналасқан жанар-жағармай құю бекетінен шыққан.
Алдымен жүк көлігі өртеніп, одан кейін жалын жанармай құю бекеті ғимаратының шатырына жайылған.
- 2025 жылы 16 қараша күні сағат 16:44-те Сайрам ауданы, Қарасу ауылы, Қарабұлақ тас жолы жанар-жағармай бекетінің жалпы көлемі 150 шаршы метр ғимаратының төбе жаппасы жанды. Өрт сағат 17:04-де оқшауланып, сағат 17:23-де толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, - делінген облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми хабарламасында.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінен 40 құтқарушы мен 9 техника, 103 қызметінің тобы (3 қызметкер және 1 техника) және «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС мамандары (3 адам және 1 техника) жұмылдырылды.
Осыған дейін Қостанай қаласы Орал көшесінде орналасқан жеке тұрған ангардың өрті сөндіріліп жатқаны туралы хабарладық.