Түркістан облысында жарты миллионға жуық адам жер кезегінде тұр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Соңғы үш жылда облыс аумағында 6074 жер учаскесі азаматтарға берілген. 

Түркістан облысында жарты миллионға жуық адам жер кезегінде тұр
Фото: Алматы облысы әкімдігі

Түркістан облысы — еліміздегі халық ең тығыз орналасқан өңір ғана емес, сонымен қатар жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін алу бойынша да көшбасшы аймақ. Бүгінде облыс бойынша жер кезегінде 497 200 адам тіркелген. Бұл — Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры деректеріне сүйенсек, кезек басында Түркістан қаласының тұрғындары тұр — 88 532 адам. Одан кейінгі орында:

— Сайрам ауданы — 69 073,

— Төлеби ауданы — 54 944,

— Сарыағаш ауданы — 50 451,

— Ордабасы ауданы — 32 942,

— Кентау қаласы — 30 461,

— Сауран ауданы — 29 272,

— Түлкібас ауданы — 27 953,

— Жетісай ауданы — 25 824,

— Қазығұрт ауданы — 22 842,

— Келес ауданы — 17 851,

— Мақтаарал ауданы — 13 505,

— Шардара ауданы — 12 337,

— Бәйдібек ауданы — 7149,

— Арыс қаласы — 6112,

— Отырар ауданы — 4032 адам.

Ал ең аз көрсеткіш Созақ ауданында — бар болғаны 3 920 адам тіркелген.

Жер кодексінің талаптарына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдері тек сумен және электрмен жабдықтау желілері жүргізілген аумақтарда ғана беріледі. Осыған орай, аудан және қала әкімдіктері инфрақұрылым тарту жұмыстарын кезең-кезеңімен атқарып келеді. Соңғы үш жылда облыс бойынша 6 074 жер учаскесі азаматтарға берілген.

— 2022 жылдың бірінші тоқсанынан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі жер кезегін есепке алудың электрондық ақпараттық жүйесін іске қосты. Енді кезекте тұрған әр азамат өзінің ретін және кезек жылжуын онлайн түрде, Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры ақпараттық жүйесі арқылы қадағалай алады — делінген Түркістан облысының жер қатынастары басқармасы ұсынған ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шығыс Қазақстанда жер кезегінде 45 мыңға жуық адам тұрғандығын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар