Түркістан облысында жасөспірімдер оқушыны ұрып-соққан
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жасөспірімдердің ата-аналары да жауапкершілікке тартылатын болады.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан әлімжеттік көрсеткен баланың жасөспірімді аяусыз ұрып-соққанын көруге болады. Жәбірленушінің басынан теуіп, бетінен ұрған. Тіпті, жерге жатқызып, тепкінің астына алған. Ал, үшінші жігіт жарық жағып, видеоға түсіріп, қарап тұрған. (Ескерту: видео қатыгездік белгілері болуына байланысты материалға қоса салынбады - ред).
Екі оқушының арасындағы әңгімені де сөзбе-сөз беруді жөн көрдік:
«Черняевкада екінші жүрмеймін де. Егер жүрсең шәйлаңды тігіп, өлтіріп қоямын. Қарыздарыңды қашан қойып тастайсың.
- Ақша болғанда...
- Ақшаң керек емес, Черняевкадан вообще көрінбе».
Аталған оқиға Сарыағаш ауданында болды. Қазір кәмелетке толмаған жастар полицияға жеткізіліп, тергеу жүріп жатыр. Сараптамалар да тағайындалған.
«Бүгінгі таңда жанжалдың шығу себептері анықталуда. Жәбірленуші анасымен бірге тұрады, ата-анасы ажырасқан. Күдіктілер де сол ауылдың тұрғындары, жетінші және тоғызыншы сынып оқушылары. Жанжалға қатысушылардың ата-аналары балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылатын болады. Ал, оқу орындарының басшылығы мен ұстаздардың жауапкершілігі әкімдік жанындағы арнайы комиссия отырысында қаралады. Іс департамент бастығының бақылауында», - деді Түркістан облысының полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков.