Түркістан облысында жасөспірімге азғындық әрекет жасаған мұғалім сотталды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 12 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Педофилдерге хирургиялық кастрация жасалуы мүмкін бе
Фото: pixabay.com

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 124-бабының 2-бөлігімен айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Іс материалдарына сәйкес, сотталушы Қазығұрт ауданындағы жалпы білім беру мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі заңмен жүктелген міндеттеріне қарамастан, ол 2025 жылдың 20 қаңтарында өз автокөлігінде 2010 жылы туған жасөспірімге қатысты азғындық әрекеттер жасаған.

Сот отырысында тараптардың ұстанымы тыңдалды. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны кінәлі деп танып, оны белгілі бір қызмет түрімен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Өз кезегінде сотталушы тағылған айыпты мойындамай, әрекетін жеңіл бапқа ауыстыруды өтінді.

- Сот үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, ол белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 12 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында белгісіз адамдар әскери нысанға басып кірмек болғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар