Түркістан облысында жетінші үшем дүниеге келді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістандық Әріпбаевтар отбасы бірден үш перзентпен толықты. 27 жастағы Роза Әріпбаева тұңғыш ұлынан кейін өмірге 2 ұл мен 1 қыз әкелді. 

Түркістан облысында жетінші үшем дүниеге келді
Фото: Түркістан облысы ДСБ

Бірнеше күн дәрігердің бақылауында болған сәбилер мен анасы бүгін үйге шығарылды. Отбасының қуанышымен бөлісуге келген туыстары сәбилерді көру үшін перзентхана маңына жиналып, ақжарма тілектерін білдірді. 

Түркістан
Фото: Түркістан облысы ДСБ

Үшемдер мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 33-аптасында дүниеге келген. Олардың бірінің салмағы 2 келі 245 грамм болса, екіншісі − 1 келі 785, үшіншісінікі 1 келі 805 грамға жеткен. Шексіз қуанышқа кенелген отағасы үшемдерге Омар, Усман, Разия деп ат қойды. Дәрігерлердің айтуынша алғашында нәрестелерге медициналық көмек қажет болған.

«Бұл үшемдер дүниеге келген кезде жағдайлары ауыр болды. Аппаратта жатты. Тексеру, емдеу, күтіп баптау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда медицина қызметкерлерінің көмектеріне байланысты бұл үшемдердің жағдайлары жақсы, салмақ қосып, ана сүтін қанағаттарлықтай еміп жатыр», - деді дәрігер-неонатолог Таугүл Байдуллақызы.

Айта кетейік, Түркістан облысы – елімізде туу көрсеткіші бойынша алғашқы орында тұрған өңір. Киелі аймақта 6 ай ішінде 25 045 нәресте дүниеге келген. Ал, жыл басынан бері дүние есігін ашқан үшемдер саны 7-еуге жетті. Осы мерзім аралығында 311 егіз сәби жарық дүние есігін ашты. 

Соңғы жаңалықтар