Түркістан облысында жөнделген жол екі айға жетпей ойыла бастады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысының Келес ауданында республикалық маңызы бар автомобиль жолының сапасына қатысты тұрғындардан шағым түсті.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада тұрғын асфальт төселгеніне шамамен бір ай болған жолдың қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді.
Оның айтуынша, Абай ауылы жағынан Жетісай бағытына қарай, Лесбек батыр елдімекеніне жетпей, Яллама өткізу пунктіне қарай өтетін автомобиль жолының кей бөліктері сын көтермейді.
— Бұл жолға асфальт төселгеніне небәрі бір айдай уақыт өтті. Алайда қазірдің өзінде жолдың кей бөліктері ойылып, шұңқырлар пайда болған. Кей жерлерде қарсы бағыттағы көліктер жолдың шұңқырлы бөлігін айналып өтуге мәжбүр. Бұл жол арқылы Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Иран бағытындағы көліктер қатынайды. Жолдағы ақаулар көлік жүргізушілеріне қиындық туғызып отыр, — деді тұрғын.
Аталған жағдайға қатысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы түсініктеме берді.
Филиал мәліметінше, 2023-2025 жылдар аралығында республикалық маңызы бар А-15 «Жыззақ — Гагарин — Жетісай — Киров — Сарыағаш — Жібек жолы» автомобиль жолының 74-220 шақырым аралығындағы жекелеген учаскелерінде жалпы ұзындығы 47,8 шақырым болатын орташа жөндеу жұмыстары атқарылған.
Жөндеу жұмыстарын «АлемТрансЖол» ЖШС орындаған. Ал атқарылған жұмыстардың сапасына техникалық қадағалауды «Amanat Expert KZ» ЖШС жүзеге асырған. Қазіргі уақытта жөнделген жол учаскелері кепілдік мерзімінде.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, 2026 жылғы 25 тамызда филиал қызметкерлері жолды тексеру барысында жекелеген учаскелерде асфальтбетон жабынында ығысу түріндегі ақауларды анықтаған. Осыған байланысты мердігер «АлемТрансЖол» ЖШС-не анықталған ақауларды кепілдік міндеттемелері аясында шұғыл түрде жою және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылған.
Ал тұрғындардың шағымына себеп болған учаскеде соңғы жөндеу 2026 жылғы 28 маусымда жүргізілген.
— Әлеуметтік желілерде 149-151 шақырым аралығындағы жол учаскесінде асфальтбетон жабынының ығысуы туралы ақпарат тарады. Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» Түркістан облыстық филиалы мердігер ұйыммен бірлесіп, анықталған ақауларды жою бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Мердігерге зақымданған учаскелерде нормативтік-техникалық талаптарды сақтай отырып, қысқа мерзімде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды, — делінген ресми жауапта.
Ақауларды жою жұмыстары мердігер ұйымның қаражаты есебінен, кепілдік міндеттемелері аясында жүргізіледі. Жұмыстар аяқталғаннан кейін олардың сапасына қайта тексеру жүргізілмек.
Бұған дейін Түркістан облысында тұрғындар Батыс Еуропа — Батыс Қытай жолының сапасына шағымданғанын жазған едік.