Түркістан облысындағы ерекше балаларды оқытатын арнайы мектептен шу шықты

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мектеп-интернатта тәрбиеленуші балалар жаппай қарапайым мектепке ауыстырылып жатқанын айтып ата–аналар дабыл қақты. 

Түркістан облысындағы ерекше балаларды оқытатын арнайы мектептен шу шықты
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Төлеби ауданында орналасқан № 2 интернатта тәрбиеленуші мүгедектігі бар балаларды оқу орнынан шығарып жатыр. Арнайы комиссия денсаулығы жарамсыз балаларды жаппай қарапайым мектепке жіберу туралы шешім қабылдаған. Осылай деген бір топ ата-ана шу көтерді.

Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Үсіпбекованың баласы аталған мектеп-интернаттың 3-ші сыныбында оқиды. Баланың дамуы қатарынан қалып кеткендіктен арнайы мектепке оқуға берген. Анасының айтуынша, осында жүріп бала өздігінен жазуды, әжетханаға баруды, тамақтануды үйреніпті. Тіпті «апай», «мама» деп айтуды меңгерген.

— Мен баламды бірінші сыныпта қарапайым мектепке бергенмін. Үш ай барды да, қайта бармай қойды. Жылап қайтатын. Балалар мазақтайды екен. Апайы да «түк қақпайды, оқытайын десем ұйықтап қалады» дейтін. Ал, үлкен балам «інімді барлығы кемсітеді, мен намыстанамын» деп келетін. Содан арнайы мектепке ауыстырдым. Мұнда үйренгені көп. Қазір, осында барамын деп жылайды. Біз Шымкентте көпқабатты тұрғын үйде тұрамыз. Бір бала менің баламмен ойнамайды. Мектеп жабылса, біз секілді ата-аналар қайда барады, — дейді ол.

Ал, Аялым Қаныбекқызы мектеп-интернат қолдарына ешқандай дәлелдейтін құжат бермей отырғандығын жеткізді.

— Менің қызым 3 жасында қорқып сөйлей алмай қалған. Мұндай мектептің бар екенін кеш білдік. Содан осында алып келгенмін. Комиссия балаларды шығарады деп жатыр, бірақ қолымызға қағаз беріп жатқан жоқ, — деді ол.

Бүгінде ел арасында «мектеп жабылып, орнына жеке мектеп салынады», «колледж ашылады» деген әңгімелер көбейген. Оны естіген ата-аналар ғана емес, мектеп интернатта жұмыс істейтін тәрбиешілер де алаңдап отыр.

— Комиссия келіп, таңертеңнен бері балаларды тексеріп жатыр. Бұрын мұндай жағдай болған емес. Бүкіл оқушыларды тексеріп жатыр. Бір сыныпта 10 оқушыдан 1 оқушы қалыпты. Мұнда негізінен ерекше назардағы, тілінде мүкісі бар, өз еркімен отырып-тұра алмайтын балалар оқиды. 60 жылдық тарихы бар мектепте қаншама бала тәрбиеленіп шықты. Енді біз жұмыссыз қаламызба деп қорқып отырмыз, -дейді тәрбиеші Элмира Ешматова.

Тәрбиешілердің айтуынша мұндағы балалар жай мектепте оқи алмайды. Себебі, балаларды тамақтандыратын, жуындырып, киіндіретін, әжетханаға алып баратын адам қажет. Әртүрлі диагноздағы балалар өздігінен жүріп, тұра алмайды, тіпті арасында қасық пен қаламсапты дұрыстап ұстай алмайтындары да бар. Сондықтан мұндағылар ең алдымен балалардың болашағына алаңдаулы.

Ал, Түркістан облысының Білім басқармасы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мектеп-интернаттан оқушыларды жаппай шығару жөнінде тараған ақпаратты жоққа шығарады.

— Оқушыларды оқудан шығару туралы ешқандай шешім қабылданған жоқ. Барлық бала оқу нысанына қарамастан, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес білім алуды жалғастыра алады. Баланы жалпы білім беретін мектепке ауысу — бұл міндет емес, ата-анасының (заңды өкілдерінің) құқығы. Ол тек ата-аналардың таңдауы мен мамандардың ұсынымдарын ескере отырып жүзеге асырылады, — делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, басқарманың баспасөз қызметі психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру (ПМПК) қызметі кеңес беру сипатында болғандығын жеткізді.

— Бұл комиссия оқу орнын жабу немесе балаларды оқудан шығару туралы шешім қабылдамайды. Комиссияның мақсаты — баланың дамуына және оның қоғамға сәтті бейімделуіне ықпал ететін кәсіби ұсынымдар беру. Жылдық жоспарға сәйкес жыл сайын өткізетін диагностикалық балалардың түзелу динамикасына тексеру жүргізіледі. Оқу нысанын таңдау жөніндегі түпкілікті шешім әрқашан ата-аналарға тиесілі. 2025 жылғы 5 мамырда Білім басқармасының өкілдері мектеп ұжымымен және ата-аналармен кездесу өткізді. Кездесу барысында барлық мәселе бойынша толық ақпарат беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Барлық бала өздерінің жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, білім алуды жалғастырады, — делінген ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын түркістандықтарды шіркей әбігерге салып жатқанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар