Түркістан облысындағы өрт: Аман қалғандардың жағдайы белгілі болды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы өрттен кейін медициналық мекемелерге үш адам — екі ересек және бір бала жеткізілді, деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

хоспис
Фото: Александр Павский/Kazinform

Ведомство ақпаратына сәйкес, қазір барлығы реанимация бөлімінде жатыр, жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты.

— 18 қарашада Жетісай ауданында болған өртке байланысты өңірдің медициналық қызметі зардап шеккендерге жедел түрде көмек көрсетуді бастады. Медициналық мекемелерге үш адам — екі ересек және бір бала жеткізілді. Барлығы реанимация бөлімінде жатыр, жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты. Науқастарға интенсивті терапияның толық кешені жүргізілуде, олардың жағдайы салалық мамандардың толық бақылауында, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар басқарма жедел медицина желісі бойынша күшейтілген жұмыс тәртібі енгізілгенін мәлім етті.

— Облыстық денсаулық сақтау мекемелерінен қосымша мамандар тартылып, қажетті дәрі-дәрмекпен және психологиялық қолдаумен қамтамасыз етілді. Жағдай Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының бақылауында, — деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Еске салсақ, Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды. Оның 9-ы бала.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтып, Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева өрт шыққан үйде екі отбасы, ата-аналары мен балалары тұрғанын хабарлады.

Сондай-ақ Президенттің тапсырмасы бойынша Түркістан облысындағы өртке байланысты Үкіметтік комиссия құрылғаны анықталды.

Бұдан бөлек «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар