Түркістан облысындағы жолдар қысқа дайын ба
ТҮРКІСТАН.KAZINFORM - Түркістан облысы аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 3983,34 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1943,3 шақырымы бірінші кезектегі қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдар болса, 434 шақырымы – таулы аймақтарда қар басып қалу қаупі жоғары аймақтар.

Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, «Оңтүстік жолдары» МКК облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстауға толықтай дайын. Кәсіпорын тарапынан облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазарту үшін жалпы 118 арнайы техника, 258 жұмысшы жұмылдырылған. Автомобиль жолдарын дер кезінде қардан тазалап, көктайғақтың алдын алу үшін қажетті инертті материалдардан 4 187,61 м3 құм және 393 тонна тұз әзірленген.
Ауа-райының қолайсыз мезгілінде облыстық жолдарда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында Бәйдібек ауданында «Шыбықбел», «Одаманбұлақ» және Созақ ауданында «Ащысай», «Таскөмірсай» жылыту бекетттері жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар осы жылдың қараша айынан бастап «Оңтүстік жолдары» МКК мамандары тарапынан тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылып отыр.

Көлік магистральдарында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда авариялық-құтқару жұмыстарына шұғыл әрекет ету бойынша Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, облыстық төтенше жағдайлар департаменті, облыстық әкімшілік полиция басқармасы және «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Түркістан облысы филиалы арасында іс-әрекет ету жоспары бекітілген.

Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Талғат Досалиев айтуынша өңірде қар басу қаупі жоғары 22 аумақ бар. Оның 6 республикалық маңызы бар жолдар болса, 16-ы облыстық маңызы бар жолдар. Аталған аумақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 11 жылыту бекеті орналасқан.
«Қар құрсауында қалып, қиындыққа ұшырған азаматтарға көмектесуге 191 жеке құрам мен 25 техника қарастырылған. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар жолдарда 9 шақырым жолға қар ұстағыш қалқандар орнатылды. Сондай-ақ, қар құрсауында және күрделі метеожағдайда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 11 жылыту пункті есепке алынған, — деді Талғат Досалиев.
Ал, облыс орталығы Түркістан қаласында 845 шақырымды құрайтын автожол бар. Оның ішінде 125,61 шақырымы орталықтағы бірінші кезекте қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдар. Биыл жыл басынан бері қалада асфальтты жолдар көлемі 41,7 км артқан.
Қазіргі таңда, коммуналдық жұмыстарға жауапты «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС, «Жасыл ел» ЖШС және «Түркістан Су» МКК мен «SK Geokard» ЖШС мекемелері тарапынан 12 КДМ, 18 трактор әзірленген. Сондай-ақ, қосыша инфрақұрылым, құрылыс, жол бөлімдері, «Жасыл Түркістан» КММ, «Жол Қызметі» тарапынан – 10 жүк тиегіш, 22 камаз техникалары дайындалған.
Кәсіпорындар тарапынан маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазарту үшін жалпы 52 арнайы техника, 420 жұмысшы жұмылдырылмақ. Автомобиль жолдарын дер кезінде қардан тазалап, көктайғақтың алдын алу үшін қажетті инертті материалдардан 310 тонна құм және 190 тонна тұз әзірленген.