Түркістан облысының Келес ауданында білім бөлімінің бюджетін талан-таражға салғандарға қатысты сот үкімі шықты

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Қылмыстық әрекеттің нәтижесінде мемлекетке 812 млн теңгеден астам материалдық залал келген.

Сот
Фото: Kazinform

Түркістан облысы Келес аудандық сотында ҚР ҚК-нің 189-бабы 4- бөлігінің 2 тармағымен кінәлі деп танылған, білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты үкім жарияланды. 

Сотталушыларға білім бөлімінде басшы, бас есепші және есепші лауазымдарында қызмет атқарып жүріп, өздеріне сеніп тапсырылған бюджет қаражатын иемденіп, қасақана жымқырған деген айып тағылды. Яғни, кінәлілер білім бөлімінде және бөлімге қарасты мектептерде жұмыс жасамаған адамдардың аты-жөнінің тұсына басқа адамдардың ЖСН нөмірлерін көрсету арқылы, бөлімнің бюджет қаражатын үшінші тұлғалардың банк есеп шоттарына аударып отырған.

Сотталушылардың қылмыстық әрекетінің нәтижесінде мемлекетке жалпы 812 380 693 теңге материалдық залал келтірілген.

Сот үкімімен сегіз сотталушы, оны ішінде білім бөлімінің басшысы, бас есепшілері мен есепшілері ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2 тармағымен кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде өмір бойына лауазымды қызметі атқара алмайтын болды. Сондай-ақ, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Бес сотталушы ҚК-нің 63-бабының талаптарына сәйкес, тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасы шартты деп есептеліп, 279 426 890 теңге материалдық залал қайтарылды.
Тағы он сотталушы ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 1 тармағымен кінәлі деп танылып, белгiлi бiр лауазымдарды атқару құқығынан үш жыл мерзімге айрыла отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

— Сотталушылардың кінәлары аудитордың, сот-экономикалық сараптама қорытындыларымен, куәлердің жауаптарымен, сотталушылардың сотта берген жауаптарымен және істің басқа да құжаттарымен дәлелденді. Үкім заңды күшіне енген жоқ, — делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында білім саласының қызметкерлері 547 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды деген айыппен сотталған болатын.

Соңғы жаңалықтар