Түркістан облысының қуаңшылық жайлаған аудандарында төтенше режим енгізіле ме

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысында егістік алқабының 49,8 мың гектары жарамсыз деп танылды. Бұл туралы Мәжіліс депуттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған. 

Түркістан облысының қуаңшылық жайлаған аудандарында төтеше режим енгізіле ме
Фото: АШМ

— Түркістан облысындағы жалпы егіс алқабы биыл 896,2 мың гектар. Оның 389,3 мың гектары — атмосфералық жауын-шашынға тәуелді жерлер. Ауа райы қолайсыз болып, егістіктің бір бөлігі пайдалануға жарамсыз деп танылды (шамамен 49,8 мың гектар). Бұл жалпы егіс алқабының 5,5 пайызы. Келеңсіз салдарды азайту, залалды бағалау және қабылданып жатқан шараларды үйлестіру мақсатында облыс аудандарында жергілікті атқарушы органдар, жұртшылық пен кредиттік ұйымдар өкілдерінің қатысуымен мобильді жұмыс топтары құрылды. Егістіктің жай-күйіне көшпелі мониторинг және зақымдану ауқымы туралы ақпарат жинау тұрақты негізде жүргізіліп тұрады, — деді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-министр «Қазгидромет» РМК деректеріне және биылғы маусымда жауын-шашынның стандартталған индекстерінің есеп-қисабына сәйкес, еліміздің көптеген өңірінде атмосфералық ылғал шегі нормаға сәйкес деп болжанатындығын атап өтеді.

— Осыған байланысты қазіргі кезеңде төтенше жағдай режимін енгізуге негіз жоқ. Бұдан басқа, әкімдіктер қажет болған жағдайда инновациялық қызметті, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қызметті дамытуға бағытталған өңірлік бағдарламаларды әзірлейді және іске асырады. Ықтимал құрғақшылықтың салдарын азайту жөніндегі шараларды қоса алғанда, ұйымдастырушылық, құқықтық және өзге де қолдауды қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығының су ресурстарына тәуелділігін төмендету мақсатында уәкілетті орган егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру саясатын іске асыруды жалғастырып жатыр. Бұл бидай, күріш және мақта сияқты монодақылдардың үлесін азайтуды және өңірлік ерекшелік пен ішкі сұранысты ескере отырып, жоғары рентабельді баламалы дақылдарды (майлы дақылдар, көкөніс-бақша, жемшөп және т. б.) бір мезгілде дамытуды көздейді, — деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары қуаңшылықтан зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай режимін жариялау мүмкіндігін қарастыруды және қуаңшылық зардаптарын еңсеруге бағытталған арнайы өңірлік бағдарлама қабылдап, оның аясында ғылыми негізделген агроэкологиялық шешімдерді жүзеге асыруды ұсынған болатын.

Бұған дейін Түркістан облысында ұзаққа созылған қуаңшылық салдарынан егістік алқаптары күйіп, шаруалар шығынға батып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар