Түркістан облысының Отырар ауданында шіркей қаптап кетті

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістандықтарды шіркей биылда әбігерге салып жатыр.

отырарда
Фото: Kazinform

Отырар ауданына қарасты ауылдарда дернәсілдер көбейіп кеткен. Сондықтан көшеде еркін жүру қиын. Жергілікті тұрғындар далаға шыққанда қол аяғын қымтап, беттерін тормен жауып тұратын қалпақ киюге мәжбүр. Ал, төрт-түлік жайылымға шығудан қалған.

«Сәуір айы басталғаннан қарашаға дейін көрген күніміз осы. Шіркейдің шаққан жері ертең жара болады», - дейді Шеңгелді ауылының тұрғыны Бейсенкүл Юсупова.

маса
Фото: Kazinform

Шіркейлер Арыстанбаб кесенесінің аумағында да қаптап жүр. Бұл тарихи нысанды көруге келген туристердің емін-еркін жүруіне кедергі келтіруде. Сол себепті, кесенеге келушілерде тезірек қайтуға мәжбүр.

«Бетімізді жауып бүркеніп жүрміз. Барлық жерімізді шағып тастады», - дейді зиярат етуші Малахат Мараймова.

Шіркейлер Түркістан қаласында да пайда бола бастаған. Бұл туралы Тимурхан Назаров есімді қоғам белсенді әлеуметтік желіде жазды.

«Түркістан қаласында шіркей көбейді. Әсіресе, орталықтарында. Асылында шіркей Сырдария бойында, яки өзен бойларында болушы еді. Қазір қалада жүріп бір орында тұра алмайсың. Мұның алдын-алмаса жасыл желек былай тұрсын, адам денсаулығына зиян тиюуі мүмін» - деп жазды ол.

Түркістан облыстық коммуникация қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, өңірде шіркейге қарсы күрес шаралары белсенді түрде жүріп жатыр. Бұған дейін 30 мың келіге жуық биологиялық препарат суға жіберілген. Ал, қазіргі таңда негізгі ошағына айналып отырған Отырар ауданында химиялық дәрілеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Сырдария өзені мен Көксарай су қоймасы бойында орналасқан елді мекен аумақтарында шіркейлерге қарсы дезинсекция шараларын «Satti Tulik» ЖШС жүргізуде. Ал, ғылыми сүйемелдеу жұмыстарын «Защита-растений-К» ЖШС 8 ақпаннан бастаған болатын. Ғылыми топ құрамына Алматы қаласындағы Зоология институтының білікті мамандары тартылған. Ғылыми сүйемелдеу нәтижелерінің қорытындысы бойынша шіркейдің дернәсілдерін толық жойып жіберу мүмкін емес. Сондықтан қазіргі мақсат - шіркейлерді улап, санын азайту» - делінген ақпаратта.

Мамандар шіркейлердің соңғы 8-10 жылда көбейгенін алға тартып отыр. Тіпті, 2 апта сайын көбейіп жатыр деген болжам айтуда. Жалпы, Сырдария өзенінің бойында шіркейлердің 8 түрі анықталған. Зоология институтының аға ғылыми қызметкері Қаршыға Көшкімбаевтың пікіріне сүйенсек, уақытылы дезинсекция жұмыстары жүргізілмесе, шіркейлердің ошағы Түркістан облысын басып қалуы мүмкін.

«Біздің дезинсекциялау жұмыстарымыз шіркейлерді 100 пайыз жоя алмайды. Сондықтан олардың санын 80 пайызға азайтсақ деп отырмыз. Бұл табиғи үрдіс болғандықтан, оның жүйесін бұзуға болмайды. Әр шіркей 200-ге дейін ұяшық тастайды. Егер дезинсекция жүрмесе, шіркейлер ошағы Түркістан облысын басып қалу мүмкін», – деді Қаршыға Көшкімбаев.

Жалпы облыс бойынша Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында және Шардара, Отырар, Мақтаарал, Келес аудандарындағы дезинсекциялық өңдеу алаңының көлемі 5,5 мың гектарды құрайды. Бұл бағыттағы жұмыстарға 42 техника, 100 жуық қызметкер жұмылдырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар