Түркістан облысының Сайрам ауданына жаңа әкім сайланды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — 2025 жылғы 5 қазанда өткен Түркістан облысы Сайрам ауданы әкімі сайлауының нәтижесі жарияланды.

Жалпы ауданда сайлаушылар тізіміне 138 762 азамат енгізілген. Дауыс беруге — 79 233 сайлаушы, оның ішінде есептен шығару куәліктері бойынша — 0, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс — 415 сайлаушы қатысты. Жалпы саяси додаға 3 кандидат түскен болатын.
Сайрам аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Дулат Талғатұлы Абылгазиев үшін 4 724 сайлаушы дауыс берген. Екінші кандидат Мадияр Мұхтарұлы Оразалиевқа 66 837 адам сенім білдірген. Ал, Алмас Мейрбекұлы Тұраров 7 132 сайлаушы дауыс жинаған. «Бәріне қарсымын» белгісі бар бюллетеньдер саны — 255.
— Сайлау қорытындысымен 1986 жылы туған, ұлты — қазақ, Түркістан облысы Сайрам ауданы, Манкент ауылдық округінің тұрғыны Мадияр Мұхтарұлы Оразалиев сайланды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 14, 45, 113-11 баптарына сәйкес Сайрам ауданының аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылғы 7 қазандағы шешімімен 2025 жылғы 5 қазанда сайланған Мадияр Мұхтарұлы Оразалиев Түркістан облысы Сайрам ауданының әкімі болып тіркелді, — делінген Сайрам аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ресми хабарламасында.
Мадияр Оразалиев бұған дейін Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған.
Бұдан бұрын Мәжіліс сайлау туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізетіні хабарланды.