Түркістан облысының тұрғындарына газға заңсыз қосқаны үшін 163 млн теңге қайтарылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртібін өрескел бұзғаны анықталды. 

Түркістан облысының тұрғындарына газға заңсыз қосқаны үшін 163 млн теңге қайтарылды
Фото: Табиғи монополияларды реттеу комитеті

— 2022 жылғы 4 наурыз бен 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығында филиал өңір тұтынушыларынан газды алғаш іске қосу кезінде қосу және пломбалау үшін заңсыз төлемдер алған. Негізсіз өндірілген жалпы сома 163 545 574 теңге, — делінген Табиғи монополияларды реттеу комитеті хабарламасында.

Әкімшілік іс қарау қорытындысы бойынша, филиал Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 164-бабы 5-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, оған 16 354 557,4 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, департамент тұтынушылардан заңсыз алынған соманы қайтару жөнінде міндетті ұйғарым шығарды.

Реттеушінің шешімі газ компаниясы тарапынан сот тәртібімен дауланғанымен, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты талап арызды қанағаттандырудан бас тартты, апелляциялық инстанция шешімді өзгеріссіз қалдырды, ал Жоғарғы Сотына жолданған кассациялық шағымды өтініш берушінің өзі қайтарып алған.

Қазіргі уақытта заңсыз өндірілген қаражатты Түркістан облысы тұрғындарына қайтару бойынша практикалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл процесс ерекше бақылауда тұр және азаматтардың құқықтарын қорғауға, реттелетін нарықтарға деген сенімді арттыруға әрі коммуналдық қызметтер көрсету саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. 

Айта кетелік Қарашығанақ акционерлері газ өңдеу зауытын салуға Қазақстаннан қосымша $1 млрд талап еткені туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар