Түркістан: Шардарадағы жағажайлардың тазалығы мен қауіпсіздігі бойынша қатаң талаптар қойылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, «Шардара» су қоймасы маңындағы жағажайларды аралап көрді. Туристік нысандардың жай-күйімен танысып, санитарлық тазалық және қауіпсіздік талаптарына сәйкестін қадағалады. Жауапты тұлғалармен, жағажай жұмысын жүргізіп жатқан кәсіпкерлерге анықталған кемшіліктер бойынша сын-ескертпе айтып, нақты тапсырма берді.

Туристер жиі баратын негізгі орындар – «Nurdelux», «ER I ZHAN», «Алтын жағалау» және өзге де демалыс орындары демалушылардың назарын көбірек аударып отыр.

– Мемлекет басшысы елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіруді тапсырды. Бұл мәселе назарымыздан түскен емес. Өңірде туристік орындарды реттеу, санитарлық тазалығын сақтау бойынша екі жылдан нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстар атқарылып келеді. Бірақ әлі де кемшілік көп. Жағажайларды жедел ретке келтіріңіздер. Тазалық, қауіпсіздік талаптарын сақтамағандарына заң шеңберінде жұмыс жүргізілсін. Осы демалыс орындарына иелік етіп отырған кәсіпкерлер өз міндетін адал атқарсын. Жағажайларға қажетті талаптар сақталмаса, келісімшартты тоқтату керек. Жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдігінің жауапты тұлғалары осы мәселе бойынша шұғыл жұмыс атқарыңыздар. Демалыс орындарында тіркелген жұмысшылар санын, салық төлемдерін де жүйелеңіздер. Ең басты мәселе – демалушылардың қауіпсіздігі. Егер туризм дамысын десек, тазалық пен қауіпсіздік басты назарда болуы керек. Жағажайға келушілердің тазалық талаптарын сақтауы да қадағалансын, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктеді.
Жағажайларды аралап көрген облыс әкімі аудан әкімдігінің ғимаратында жағажайлар мен туристік нысандардың жұмысын реттеу бойынша мәжіліс өткізді.

– Туристік нысандар – біздің келбетіміз. Мемлекет басшысы осы бағытта нақты міндеттер жүктеп отыр. Жаңа жағажайларды аралап шықтық. Қауіпсіздік, тазалық бойынша кемшіліктерді көрдік. Төтенше жағдайға жауапты мекемелер жұмысты күшейтіп, кемшіліктерді жоюы керек. Полиция тарапынан тазалық талаптарының орындалуы, алкогольді ішімдіктердің сатылмауы, жалпы тәртіптің сақталуы қадағалансын. Тұрғындардың қауіпсіздігі – ең басты мәселе. Екіншіден, осы туристік нысандардың салық төлемдеріне қатысты да сұрақтар бар. Жергілікті кірістер басқармасы жұмысты ширатсын, – деген Нұралхан Көшеров «Қазсушар» мекемесі мен Шардара ауданы әкімдігіне және Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына демалыс орындарын тіркеу, заңдылығын сақтау бойынша тиісті тапсырмалар берді.

Туризмге жауапты салғырттыққа жол берген басшылар пен қызметкерлерге тиісті тәртіптік шара көруді міндеттеді. Сонымен бірге жағажайларда құтқарушылар санын көбейту, суға тым жақын орналасқан сәкілерді талапқа сай алыстату, автотұрақты реттеу және өзге де тапсырмалар берілді. Мониторинг жұмыстары тұрақты жалғасады.
Түркістан облысында алғаш рет 32 мың гектар жерге тамшылатып суғару жүйесі енгізілді.