Түркістанда 18 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінген үш полицей қызметінен босатылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан қаласының 18 жастағы тұрғынының арызы бойынша жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынды.
Әлеуметтік желілерде Түркістан облысында ішкі істер саласында қызмет атқарған үш полиция қызметкеріне қатысты ауыр қылмыс жасағаны жөнінде ақпарат тарады. Онда полицейлер зорлау дерегі бойынша күдікке ілініп, қызметтен бірден босатылғаны хабарланған.
Осыған қатысты ресми түсінік берген Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев аталған дерек бойынша жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу фактісімен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
– Бұрынғы полиция қызметкерлерінің қатысы бары туралы ақпарат толық көлемде тексеріледі және сотқа дейінгі тергеу аясында түбегейлі құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар қызметтік тексеру нәтижесімен аталған полицейлер қызметке кір келтіргені үшін теріс себептермен ішкі істер органдарынан шығарылған, – деп мәлімдеді министрліктің ресми өкілі.
Қазіргі уақытта тергеу органдары істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған процессуалдық іс-шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр.
Қылмыстық істің тергелу барысы Ішкі істер министрінің ерекше бақылауында.
Айта кетейік, жыныстық сипаттағы қылмыс үшін жауапкершілікті күшейту мәселесі бұған дейін Парламент деңгейінде де көтерілген. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов зорлау қылмысын аса ауыр қылмыстар санатына жатқызып, жазаның ең жоғары мерзімін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жөнінде ұсыныс айтқан болатын.