Түркістанда 50 мың, Шымкентте 30 мыңға жуық бала 1-сыныпқа қабылданады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Өңірде жаңа оқу жылына дайындық қарқынды түрде жүріп жатыр.

Шымкент қаласында қазіргі таңда 6 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 2 жаңа мектеп, 3 қосымша ғимарат және 1 жатақхана бар. Жоспар бойынша жаңа оқу жылы басталғанға дейін 3 нысан — екі жаңа мектеп пен бір қосымша корпус — пайдалануға берілмек.
«Келешек мектептері» жобасы аясында 1500 орындық № 151 мектеп пен 1200 орындық № 152 жаңа мектеп оқушыларды қабылдайды. Сондай-ақ, 600 орындық қосымша ғимараты бар № 50 мектептің құрылысы аяқталып, білім беру процесіне қосылады.
2025-2026 оқу жылында Шымкент қаласында 1-сыныпқа 27 546 баланы қабылдау жоспарланған. Сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін 23 041 бала қабылданып үлгерді. Жалпы, 1-11-сынып аралығында қала мектептерінде 271 123 оқушы білім ала деп жоспарланып отыр.
Мектеп құрылысы мен оқулықпен қамту жұмыстарының уақтылы орындалуы жаңа оқу жылын сапалы ұйымдастыруға және білім сапасын арттыруға оң ықпал етпек.
— Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласы уәкілетті орган бекіткен тізімге сәйкес 554 мыңнан астам оқулықпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлініп, 11 баспамен келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда тасымалдау жұмыстарының 47 пайызы орындалды. Осы аптаның соңына дейін барлық оқулықтар толық жеткізіледі, — деді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова.
Ал, Түркістан облысында 2024-2025 оқу жылында 1093 мектеп жұмыс істеді. Оның ішінде 922-сі мемлекеттік, 171-і жекеменшік білім ордалары. Биыл «Келешек мектептері» жобасы мен жаңа құрылыстардың есебінен мемлекеттік мектептер саны 935-ке жетпек. Жаңа оқу жылында 1-11 сыныптарда шамамен 568 мың оқушы білім алса, 1-сыныпқа 48 316 баланы қабылдау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында жаңа оқу жылында қанша мектеп ашылатынын жазған болатынбыз.