Түркістанда Абайдың 180 жылдығына орай жастар мен тұрғындарға «Абай жолы» романы таратылды
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл қазақтың ұлы ойшылы, бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Айтулы мерекеге және «Жастар күніне» орай Түркістанда рухани іс-шара өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтар болсақ, Абай ескерткішінің маңында ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көшпелі кітап көрмесі өтті. Сонымен бірге облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің белсенді жастарымен кездесіп, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабын тапсырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әр шаңырақта Абайдың кітабы мен мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек екенін айтқан болатын. Сол бастаманы Түркістан облысында іске асыру мақсатында қонақтарға, жастарға «Абай жолы» романы топтастырылған төрт томдық кітаптарды тапсыруды жөн көрдік. Бұл кітапты әр оқыған сайын жаңа дүниелермен танысасың, жаңаша ой түйесің. Жастарымыз да кітапты оқып, Абай өмірінің тереңіне үңіледі деп ойлаймын, - деді Нұралхан Көшеров.


Белсенді жастар өңір басшысының рухани мәні бар сыйлығына ризашылықтарын білдіріп, Абай мұрасына адал болатындарын жеткізді. Жалпы, 180 жылдыққа 180 кітап топтамасы шығарылып, жастар мен тұрғындарға үйлестірілді.
Айта кетейік, осы күні ұйымдастырылған кітап көрмесінде Абай Құнанбайұлының өмірінен, шығармашылығынан сыр шертетін мағыналы дүниелер ұсынылды. Абай Құнанбайұлы бейнеленген, ерекше шеберлікпен тігілген, қабырғаға ілетін кілемше де көпшіліктің қызығушылығын оятты. Бұл сыйлықты кітапханаға «Бал текстиль» компаниясы тарту еткен.


Осылайша, Түркістан жастары «Абай күні» мен «Жастар күні» мерекелерін рухани-танымдық іс-шарамен өрнектеп, ерекше серпіліп қайтты.