Түркістанда адамдардың улану фактісіне қатысты тергеу басталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау бойынша қажетті іс-шаралар жалғасуда.

Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, қаладағы адамдардың улану фактісі бойынша сараптама тағайындалған. Полиция ҚР ҚК-нің 304-бабы «Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша тергеу жүргізуде.
«Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау бойынша қажетті іс-шаралар жалғасуда. Олардың нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылданатын болады», - делінген ведомства ақпаратында.
Ал, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңірде нақтыланбаған диагнозбен 57 науқас тіркелгендігін мәлімдеді. Олардың ішінде Түркістан қаласынан - 49, Сауран ауданынан - 6, Түлкібас ауданынан 2 адам бар.
Сондай-ақ, 29 ересек, 11 жасөспірім және 14 жасқа дейінгі 17 бала болған.
Қазіргі таңда жұқпалы аурулар бөлімінде 22 науқас стационарлық ем алуда. Қалғаны жағдайларының жақсаруына байланысты амбулаториялық ем қабылдау үшін үй жағдайына шығарылған.
Науқастардың барлығы Түркістан қаласында орналасқан «Ямми Маки» кафесінен пицца, суши, чикен тағамдарын тапсырыспен үйге алдыртып тұтынған. 3-4 сағаттан кейін науқастарда бірнеше рет құсу, іш өтуі, бас айналу, асқазанның ауырсынуы, аяқ-қолдың мұздауы, еріндерінің көгеруі, жалпы әлсіздік пен мазасыздық белгілері басталған.
Барлық науқастарға жедел жәрдем бригадасы және жұқпалы аурулар бөлімі қызметкерлерімен алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, микробиологиялық зерттеуге биоматериалдар алынды.
Қазіргі таңда эпидемияға қарсы зерделеу жұмыстары мен іс-шаралар жүргізілуде.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда суши жеген 22 тұрғын уланып қалғанын жазған болатынбыз.