Түркістанда ақылды аялдамалар салынады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — «Smart City» тұжырымдамасы аясында жаңа аялдамалар мен заманауи инфрақұрылым іске қосылады. 

Автобус аялдамасы
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Түркістан қаласын заманауи «Smart City» тұжырымдамасына негізделген ақылды қалаға айналдыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің цифрлық трансформациясы мен қалалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының нақты жүзеге асуының бір көрінісі. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында «Цифрлық технологиялар адамдардың өмір сапасын жақсартып, күнделікті тұрмысын жеңілдетуі тиіс. Smart City үлгісі барлық ірі қалада енгізілуі керек» деп атап өткен болатын.

Осы міндеттерді орындау мақсатында Түркістанда «Ақылды аялдама» жобасы қолға алынды. Жоба аясында жеке кәсіпкер тартылып, қазіргі уақытта аялдама орнатуға арналған жер теліміне мемлекеттік акт алу жұмыстары істеліп жатыр. Құжаттар рәсімделіп, сенімгерлік басқару жөнінде келісімшартқа қол қойылғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады.

Түркістан қаласы әкімінің аппаратының мәліметіне сүйенсек, жаңа үлгідегі аялдамалар қала тұрғындары мен қонақтары үшін барынша қолайлы әрі қауіпсіз болмақ.

Онда тегін Wi-Fi желісі, салқындатқыш жүйе, бейнебақылау камералары, электронды құрылғыларды қуаттағыш, жоғары жылдамдықты оптикалық интернет және тұрақты қуат көзі қарастырылады. Бұл шешімдер тұрғындардың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, қоғамдық көлікті күту процесін әлдеқайда ыңғайлы етеді.

Түркістанда «Smart City» жобасы тек аялдамалармен шектелмейді. Қала әкімдігімен бірлесіп, көше жарықтандыруды автоматтандыру, жол қозғалысын интеллектуалды басқару жүйесіне енгізу, бейнебақылау орталықтарын жаңғырту бағытында жұмыс істеліп жатыр. Бұдан бөлек, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында қала аумағында қосымша бейнебақылау камералары орнатылып, деректерді талдау жүйесі іске қосылып жатыр.

Түркістан — тек тарихи-рухани орталық қана емес, сонымен бірге заманауи технологияларды кеңінен қолданатын инновациялық қала болуға бағыт алып отыр. «Smart City» жобасы толық іске асқан кезде, қалада қоғамдық көліктің қозғалысы онлайн бақыланады, тұрғындар мемлекеттік қызметтерді қашықтан жылдам алады, ал қалалық инфрақұрылым энергияны тиімді пайдалану арқылы экологиялық жүктемені азайтады.

Жергілікті билік өкілдері бұл бастамалардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және Түркістанның туристік, экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Қалада іске қосылатын әрбір «ақылды» нысан тек тұрғындарға жайлылық сыйлап қана қоймай, Түркістанның жаңа бейнесін қалыптастыруға үлес қосады.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда қоғамдық көлік жүйесі цифрлық технологиялар негізінде жаңғыртылып жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар