Түркістанда асыл тұқымды ешкілер көрмесі өтті
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Республикалық іс-шараға 200-ге жуық мал басы мен 350-ден астам адам қатысты.

Түркістан қаласында алғаш рет «Сүт және ет бағытындағы асыл тұқымды ешкілер» республикалық көрмесі өтті. Іс-шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Сексек ата» шаруашылығының бастамасымен ұйымдастырылды.

Көрмеге Қазақстанның әр өңірінен келген фермерлер, ветеринария саласының мамандары мен қонақтар қатысты. Шетелден әкелінген Заанен, Альпі, Ламанча, Англо-нубий, Бур, Камори, Гулаби сынды танымал тұқымдар қойылып, жалпы саны 200-ге жуық асыл тұқымды мал басы таныстырылды. Олардың қатарында сүтті ешкілер, текелер және лақтар бар.
Көрме барысында қатысушылар ешкі сүтінен жасалған құрт, ірімшік, айран, көже, йогурт өнімдерінен дәм татты.

Көрмеге көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан азаматтары қызығушылық білдіріп, тікелей эфир арқылы тамашалады.
Тіркеуден соң ешкілерден сынамалар алынды. Атап айтқанда, сырт пішіндері бағаланып, экстерьері қаралды. Бойы мен салмағы өлшенді. Сүтінің майлылығы мен құнарлылығы зерделенді. Етті бағыты да ескерілді. Қазылар алқасы жеке-жеке ұпай қойып, әділ түрде ең ерекше ешкі түрін анықтауға атсалысты.

Нәтижесінде ең сүтті ешкі Түркістан өңірінен, сырт келбеті үздік тұқым Шымкент қаласынан, ең ауыр ешкі Жамбыл облысынан шықты.
Сонымен қатар «Сауыншылар», «Асылдандыру», «Ең үздік сүт өнімдері» сынды номинациялар бойынша кубоктар мен 300 мың теңгеге дейінгі сыйлықтар табысталды. Лақтар сайысы мен сауыншылар жарысы да көпшіліктің қызығушылығын оятты.

Көрмені тамашалауға келгендердің саны 350 адамнан асты. Ұйымдастырушылар бұл игі бастама келешекте дәстүрлі түрде жалғасатынын жеткізді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында 47 көшеге ардагерлердің есімі берілетінін жазған болатынбыз.