Түркістанда балуандар 85 келі қошқарды көтеріп, 200 келі жүгі бар арбаны сүйреді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM- Балуан жігіттер 85 келілік қошқар көтеріп, 200 келілік жүгі бар арбаны сүйреуден сынға түсті.

Түркістан
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Ұлыстың ұлы күніне арналған «Армысың, әз Наурыз!» атты салтанатты іс-шара «Керуен-сарай» туристік кешенінің аумағында өтті. Сәні мен салтанаты жарасқан киіз үйлерде салт-дәстүрді дәріптейтін көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Ұлттық спорттық ойындардан жарыс өтті. 

Түркістан облысы әкімдігі
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Ал алыптар сайысын көпшілік қызығушылықпен тамашалады. Балуан жігіттер 85 келілік қошқар көтеруден сайысқа түсті. Сондай-ақ, 100 келілік тасты көтеріп, алаңды айналды. 130 келілік бөрені көтеруден өзара сынға түсті. Сонымен қатар үстінде 200 келілік жүгі бар арбаны сүйреді. Мерекелік іс-шараға қатысушылар арасында асық ату, ләңгі тебу, найза лақтыру секілді өзгеде сайыстар өтіп, жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды.

Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, түркістандықтар мен қала қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтады.

«Түркістанға ерекше мәртебе беру бағытында белсенді жұмыс жүріп жатыр. Заң жобасы әзірленді. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бен ұлы хандарымыз өмір сүрген Түркістанды әлемдік деңгейдегі туристік және рухани орталыққа айналдыруды басты бағытқа алдық. Өңірде маңызды жобалар жүзеге асып, туристік, әлеуметтік, экономикалық салалардағы әлеуеті көтеріліп келеді. Оның ішінде әрбір облыс тұрғынының орны ерек. Әр шаңырақ – шаттыққа, еліміз берекеге толсын!» – деді Дархан Сатыбалды.

Наурыз мейрамы аясында халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін, еліміздегі жүзеге асырылып жатқан жаңа реформаларды ілгерілету аясында Түркістанға шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келді. Мерекелік іс-шараны тамашалаған соң, облыс басшысы арнайы келген қонақтармен кездесіп, сұхбаттасты. Шетелдік қонақтар Наурыз мейрамының өту барысын қызықтап, қазақ мәдениетімен, түркі әлемімен танысты. Ұлттық қолөнер және тағамдар көрмесін, ұлттық спорт түрлерінен сайысты тамашалады. Әуелей шырқалған ән мен күмбірлеген күй де, мың бұралған бишілердің өнері де келушілерді тамсандырды. Ал театрландырылған музыкалық хореографиялық қойылым көптің жоғары бағасына ие болды.

Соңғы жаңалықтар