Түркістанда бастауыштың оқушылары іргетасы шөгіп, едендері шіріген мектепте оқып келген

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Келес ауданында алты мектеп жаңартуды қажет етеді.

Келес ауданындағы апатты мектеп
Фото: Келес ауданы әкімдігі

Келес ауданына қарасты Ескіқорған ауылындағы № 45 бастауыш мектебі апатты жағдайға жеткен. 70 жыл бұрын салынған ғимараттың іргетасы шөгіп, едендері шіріген. Мектепте асхана, спортзал, кітапхана сынды негізгі қажеттіліктер мүлде жоқ. Бар болғаны екі сынып бөлмесі ғана жұмыс істеп келген. 

Ауыл тұрғындары мектеп ғимараты кез келген сәтте құлап, балаларды басып қалуы мүмкін екенін айтып, дабыл қағып жатыр.

Жергілікті тұрғынның айтуынша, қабырғалар қисайған, еденде тесіктер бар. Құрылыс қызыл кірпіштен емес, балшықтан салынған, іргетасы да жоқ. Жергілікті билік білім ордасының апатты жағдайды екендігін ескере отырып, № 45 мектептің оқушыларын уақытша № 43 «Болашақ» мектебіне тасымалдау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Келес ауданындағы апатты мектеп
Фото: Келес ауданы әкімдігі

 

— Келес ауданына қарасты Ескіқорған елді мекеніндегі № 45 бастауыш мектебінің оқушылары уақытша 900 орындық № 43 «Болашақ» мектебіне тасымалданатын болды. Бұл шешім ескі ғимараттағы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Қазіргі таңда Ескіқорған елді мекенінен арнайы жер телімі қарастырылып, құжаттары толық дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Жоба республикалық бюджетке ұсынылып, қаржы қаралған жағдайда құрылыс жұмыстары басталатын болады, — делінген Келес ауданы әкімдігі ұсынған ақпаратта.

Апатты жағдайдағы № 45 бастауыш мектебінде 1–4 сынып аралығында 56 оқушы білім алып келген, ал мектеп алды даярлық тобында 10 бала бар. Ал көршілес орналасқан № 43 «Болашақ» мектебінде 5–11 сынып аралығындағы ескіқорғандық 326 оқушы оқиды. Ендігі жерде осы білім алушылар тасымал арқылы бір мектепке шоғырландырылмақ.

— Келес ауданында жалпы алты мектепті жаңарту қажеттілігі бар. Барлық нысанға қатысты құжаттар дайындалып, қаржы бөлу мәселесі қаралып жатыр, — дейді әкімдіктегілер.

Бұған дейін Түркістандағы білім саласын цифрландыру жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқаны айтылған еді.

Соңғы жаңалықтар