Түркістанда фельдшерлердің мәселесін көтерген тұрғынның психиатриялық есепке заңсыз алынғаны рас па
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде және бірқатар БАҚ-та Түркістан қаласының тұрғыны Өмірбек Мухаммадты психиатриялық медициналық мекемеге еркінен тыс жеткізу және заңсыз ұстауға қатысты ақпарат тарады.
Өмірбек Мухаммадтың айтуынша, бұған дейін ол Астана қаласында, Павлодар облысында және Отырар ауданында фельдшер болып жұмыс істеген.
2025 жылғы қарашада ол фельдшерлердің әлеуметтік және еңбек мәселелерін көтеру мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға eGov порталы арқылы бірнеше ресми өтініш жолдаған. Сонымен қатар еліміздің әр өңіріндегі медицина қызметкерлерінің пікір алмасуына арналған WhatsApp тобын құрған.
Өткен жылдың 5 желтоқсанында екі полиция қызметкері оны «түсініктеме бересіз» деген уәжбен тұрғылықты мекенжайынан Түркістан қалалық полиция басқармасына алып кеткен.
— Мен полиция басқармасының ғимаратында үш сағат бойы тергеуде болдым. Тергеу барысында екі жедел уәкіл «үкіметке қарсы шығып жүрсің», «халыққа үгіт-насихат жүргізіп отырсың» деген мазмұндағы сөздер айтты. Сол сәтте өзімді әлсіз сезініп, мазам болмай тұрғанын жеткіздім. Тез арада жедел жәрдем шақырылды, — деді ол.
Полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы оны «медициналық тексерілуге апарамыз» деген уәжбен Шымкент қаласындағы психиатриялық медициналық ұйымға жеткізген.
— Маған ол жерде мекеменің бөлім меңгерушісі, кезекші дәрігер және бас дәрігердің екі орынбасары тарапынан психологиялық қысым көрсетілді. Өз еркіммен 10-15 күн жатсам, жеңіл диагноз қойып, психиатриялық диспансерлік есепке алмай шығаратынын айтты. Ал келіспесем, сот арқылы еріксіз қайта әкелініп, диагнозды шизофрения деп қойып, дәрі-дәрмекті күшпен салып, психиатриялық диспансерлік есепке алатынын жеткізді, — деді ол.
Осы қысым салдарынан ол «өз еркіммен емделуге келісемін» деген жазбаша келісім беруге мәжбүр болған. Нәтижесінде 37 күн бойы стационарда жатып, психиатриялық диспансерлік есепке алынған.
Аталған жағдайға қатысты Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы Kazinform тілшісіне ресми түсінік берді.
— Аталған азамат медициналық ұйымда өзінің жазбаша өтініші бойынша ем қабылдаған. Сондай-ақ жақын туысының жазбаша келісімі алынған. Бұл фактілер сәйкес құжаттармен расталған. Медициналық көмек ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің талаптарына сәйкес көрсетілген, — делінген басқарма мәліметінде.
Ведомство хабарлауынша, емделушіге диагноз дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы негізінде қойылған.
— Емделуші стационарлық емді белгіленген тәртіппен алған. Барлық емдік және диагностикалық іс-шаралар бекітілген клиникалық хаттамалар мен қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүргізілді. Медициналық құжаттар дұрыс рәсімделген және белгіленген тәртіппен сақтаулы. Қажет болған жағдайда олар уәкілетті мемлекеттік органдарға заң шеңберінде ұсынылады, — деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Өмірбек Мухаммад медициналық ұйымға жатқызу туралы арызды анасы өз еркімен жазбағанын, оған белгілі бір лауазымды тұлғалар қысым көрсеткенін айтады.
Айта кетсек, ол 2024 жылы анасының арызы бойынша сотқа тартылған. Алайда сот қорытындысы бойынша қорлау белгілері анықталмаған және сот оны толық ақтаған. Содан бері олар бір-бірімен хабарласпаған, сол уақыттан бері бөлек тұрады. Анасы Отырар ауданында, ал өзі әкесімен бірге Түркістан қаласында тұрып жатыр.
Өмірбек Мухаммад өзін психиатриялық диспансерлік есепке қоюды заңсыз және негізсіз деп есептейді.
— Осы жағдайдан кейін бірнеше жерге жұмысқа орналасуға бардым. Алайда психиатриялық диспансерлік есепте тұрғанымды алға тартып, ешбір мекеме жұмысқа қабылдамай отыр. Маған қойылған диагнозды заңсыз деп санаймын. Оны жоюды және психиатриялық диспансерлік есептен шығаруды сұраймын. Сонымен қатар тәуелсіз психиатриялық сараптама тағайындауды өтінемін. Полиция, жедел жәрдем және психиатриялық мекеме қызметкерлерінің әрекеттері тексеріліп, кінәлілерге заңға сәйкес шара қолданылса деймін, — деді ол.
Бұдан бұрын Түркістанда әйелін психиатриялық орталыққа мәжбүрлеп жатқызған ер адам сотталғанын жазған едік.