Түркістанда «Гарри Потер» кейпіндегі ұстаз тұрады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістандық Арслан Атабекті оқушылары Гарри Потер ұстаз деп атайды. Себебі, әр сабағына кино кейіпкері болып киініп келетін ол сабақты да кино әлемімен байланыстырып өтеді.

Арслан Атабек - химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінінің мұғалімі. Мұнда 7,8,10 сыныптарға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Әрбір дәріске ерекше дайындалатын ұстазды шәкірттері де асыға күтеді. Себебі, Гарри Потердің кейіпінде келетін мұғалім балаларға қызықты тәсілдер арқылы білім береді.
Арслан Гарри Потердің киімдерін арнайы Алматыдан тапсырыс беріп алдыртқан. Шапаны мен қалпағын киіп, көзілдірігі мен галстугін тағып, қолына таяғын ұстағанда кино кейіпкерін көргендей боласыз.

«Оқушылардың қызығушылығын зерттеп көрдім. Сауалнама алдым. Онда 10 жуық ертегі кейіпкерлерін ұсындым. Нәтижесі бойынша Гарри Поттер кейіпкері ең көп дауыс жинады. Содан сабағымды аталған кейіпкермен байланыстырып өтуді жөн көрдім. Тамаша әсер қалдырды. Оқушыларда көтеріңкі көңіл күйде, сабаққа белсенді қатысты. Содан, жобаны жетілдіруді ойладым. Алғашқыда университет бітірген кезде киген мантияммен кейіпкердің образын салып жүрдім. Кейіннен Алматыдағы Гарри Потердің киімдерін сататын дүкенге тапсырыс беріп, киімдерін алдырттым» - дейді ол.
Бүгінде ұстаз әр сабағын кино секілді өтеді. Өзі Гарри Поттер болса, шәкірттеріне сол фильмдегі Рон Уизли, Гермиона Грейнджер деген есімдер берген. Сондай-ақ, оқушыларды «Гриффиндор», «Пуффендуй», «Когтевран», «Слизерин» атты топтарға бөліп, жарыстырады.
«Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыруға Гарри Потер арқылы түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану өте жеңіл. Бағалау жүйесі болсын, кері байланыс жүйесі болсын әр түрлі тапсырмалар қызғушылықпен орындалады. Сондай-ақ, бұл сабақтың қызықты өтуіне жағдай жасайды. Алғаш рет кейіпкердің киімін киіп келген кезде барлығы таң қалды. Күнде көріп жүрген мұғалімдері басқа образбен келген соң, баршасы жаңаша көзқараста болды. Әрине бұл мен үшін оңай болған жоқ, бірақ шын жүректен жасалды» - дейді ұстаз.

Арслан Шыңғысұлының сабақ өтудегі жаңа әдіс-тәсілін әріптестері мен мектеп басшылығы да жақсы қабылдаған. Қолдауда білдірген. Тіпті, мектеп ішінде жаңа әдіс тез тарап, тың тәжірибе қолданысқа енген. Мәселен, тарих пәнінің мұғалімі М.Х.Дулати кейіпіне еніп сабақ өткен. Онда да ұстаз ежелгі кезеңдегі стильмен киініп келген. Ал, химия пәнінің мұғалімі КНБ қызметінің образын сомдап, қылмыс жасаған күдіктілерді арнайы қоспа арқылы қолға түсірген.
«Бұл жердегі мақсат - жанрлық сабақтар арқылы оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту. Жанрлар арқылы айтылым дағдыларын, тілдік құзыреттіліктерді жетілдіру. Трендтегі фильм, мультфильм, комикс, кітап, вайн кейіпкерлері ретінде оқушыларға сабақты түсіндіру арқылы қызығушылықтарын арттыру. Мұғалім оқушыларға әр түрлі кейіпкерлер бейнесінде сабақ өтеді. Сол арқылы оқушы әр сабақ сайын қызығушылыған жоғалтпайды. Оқушылардың өміріндегі контентпен байланысқан сабақ жақсы түсінуіне жол ашады. Тематикалық сабақтар оқушылардың сол әлемдегі басты кейіпкер рөлінде шешім қабылдап, тапсырмалар орындауына мүмкіндік береді» - дейді мұғалім.
Арслан Шыңғысұлы бұл тәсілді Алматы қаласында өткен жарысқа ұсынып, қорғап шыққан. «Дарынды балаларға талантты ұстазы» атты Республикалық жарыста тың идеясы үздік шығып, үшінші орынды еншілепті.
«Жарысқа барар кезде жобаны әріптестеріммен жеке-жеке талқыладық. «Қандай методика болады?», «тапсырмаларды бағалау қалай жүзеге асады?» осы жағына мән бердік. Эксперт мұғалімдер жан-жақты талқылап кеңестерін берді. Содан жобаны жетілдіріп, жарысқа ұсындық» - дейді ол.
Бүгінде ұстаздың шәкірттері республикалық, облыстық олимпиадалардан жүлделі орындарды иеленіп келеді. Одан бөлек, онлайн жарыстардан да жүлде алып келіп жатқандары көп. Шәкірттерімен мақтанатын ұстаз, алдағы уақытта да тың жобаларды жүзеге асруды жоспарлап отыр.
«Мен Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданына қарасты Құлан ауылында туып өстім. Сол жерде мектеп бітірдім. Кейін Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ жоғары білім алдым. Еңбек жолымды 2021 жылы Назарбаев мектебінде бастадым. Жас ұстаз ретінде біліктілігімді арттырып, тәжірибе жинақтап жатырмын. Қолдау білдіріп жүрген барша әрістертеріме алғысымды айтамын» - дейді Арслан Атабек.