Түркістанда картоп 100 теңгеден сатылып жатыр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Өңірдегі қоймада картоптың қоры жеткілікті.

картоп
Фото: pexels.com

Түркістан облысында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру қатаң бақылауда. Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстарын «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның тұрақтандыру қоры үйлестіреді.

Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында жалпы 3500 тонна картоп, 2500 тонна сәбіз, 1700 тонна қырыққабат және 2200 тонна пияз бар. Ал көкөніс сақтау қоймасында 460 тонна картоп, 150 тонна сәбіз, 100 тонна пияз, 25 тонна қырыққабат, 200 тонна бакалеялық өнімдер, 62 мың дана жұмыртқа сақтаулы.

- Қоймада картоптың көлемі жеткілікті. Алаңдауға негіз жоқ. Ішкі нарықта картоп бағасын тұрақтандыру үшін базарлар, ірі сауда орындары мен әлеуметтік дүкен сөрелері және жәрмеңкелерде 100 теңгеден ұсынылып келеді. Өңір тұрғындары 36 әлеуметтік дүкен мен ірі сауда орындарындағы 64 әлеуметтік бұрышта картопты 100 теңгеден сатып ала алады - делінген Түркістан облысы әкімдігі таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын картоп экспортына шектеу қойылғандықтан Түркістандағы шекара бекеттерінде бақылау күшейтілгенін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар