Түркістанда қазақ күресінен Азия чемпионаты басталды

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Түркістан төріндегі Olympic Center спорт кешенінде ересектер арасында төл спортымыз — қазақ күресінен Азия біріншілігінің жалауы желбіреді.

күрес
Фото: Күнсұлтан Отарбай/Kazinform

Түркі дүниесінің рухани ордасына айналған қасиетті Түркістан қаласында бастау алған сарықұрлық додасына Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Үндістан, Жапония, Иран, Моңғолия, Пәкістан қатарлы 15-ке жуық мемлекеттен 200-ге жуық балуан қатысып жатыр.

Бәсі биік додада ерлер мен әйелдер өзара 16 салмақ (8-і ер, 8-і әйел) дәрежесі бойынша сынға түсіп жатыр.

Аталған біріншілікте ел намысын ең таңдаулы қазақ күресінің шеберлері қорғап жатыр.

Атап айтсақ, ерлер арасында 55 келі салмақта Архат Баймұрзин, 60 келіде Нұртілек Қаракесеков, 66 келіде Нұрғали Тұрсынғазиев, 74 келіде Тілек Тоқтасынұлы, 82 келі де Асылжан Кәрім, 90 келі салмақта Айдар Бескемпір, 100 келіде Ерқанат Молдағұлов және аса ауыр салмақта (+100 кг) Қайсар Шамшидинов сынға түсіп жатыр.

Ал әйелдер құрамасында 48 келі салмақта Айдана Хасенқызы, 52 келіде Сағат Байғараева, 56 келіде Ақнұр Асылбекова, 60 келіде Назерке Асанхан, 65 келі салмақта Ұлдана Таңжарықова, 70 келіде Ақбота Қыдырәлі, 77 келіде Аружан Жандарбай және +77 келі салмақ санатында Арайлым Шегенова ел намысын қорғап жатыр.

Осы орайда қазақ күресінің Туризм және спорт министрлігі бекіткен жоғары жетістіктер спорт түрлерінің тізіміне енгенін атап өткен жөн. Жаңартылған тізімге Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Азия пара ойындарының бағдарламасына енген 65 спорт түрі, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері енгізілген.

Сөйтіп, қазақ күресі ұлттық мақтанышымыз әрі тарихи мұрамыз ретінде басым спорт түрлерінің қатарынан орын алып, олимпиадалық спорт түрлерімен терезесі теңесті.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов шағын сұхбат беріп, қазақ күресін дамытудағы басты мақсаты туралы айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар