Түркістанда қоғамдық көлік жүйесі цифрлық технологиялар негізінде жаңғыртылып жатыр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласы аумағында 200 жуық автобус жолаушылар тасымалын жүзеге асырып келеді.

автобус, қоғамдық көлік
Фото: Түркістан қаласы әкімдігі

— Цифрландыру — мемлекет тиімділігін арттырудың шешуші құралы. Біздің мақсат — бүкіл ел бойынша халықтың өмір сапасын арттыратын заманауи технологияларды енгізу, — деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауларында.

Президент атап өткендей, заманауи инфрақұрылым мен цифрлық шешімдер тек мемлекеттік қызметтерде ғана емес, күнделікті тұрмыста да азаматтардың уақытын үнемдеп, өмірін жеңілдетуі тиіс. Осыған орай, Түркістан қаласында да цифрлық трансформация үдерісі қарқын алып келеді. Оның нақты көріністерінің бірі — қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту және автоматтандыру болып отыр.

Бүгінде облыс орталығы мәртебесіне ие Түркістан қаласы тұрғындары мен қонақтарына сапалы әрі қолжетімді көлік қызметін ұсыну бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қалада қоғамдық көліктерді жаңарту, маршруттық желіні оңтайландыру, жолаушы ағынын реттеу және электронды төлем жүйесін енгізу арқылы айтарлықтай өзгерістер орын алып жатыр.

Саладағы өзгерістер тек жаңа автобустарды енгізумен ғана шектелмейді. Қазіргі таңда бұл бағытта ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылып, автоматтандырылған басқару, электронды төлем жүйесі, жолаушылар ағынын талдау, «ақылды» аялдамалар мен болашақта енгізілетін жасанды интеллектке негізделген тетіктер қамтылып жатыр.

автобус, қоғамдық көлік
Фото: Түркістан қаласының әкімдігі

Бүгінде Түркістан қаласы аумағында 22 бағыт бойынша 194 автобус жолаушылар тасымалын жүзеге асырып келеді. Бұл маршруттарда 683 аялдама орналасқан. Қоғамдық көлік құралдарының басым бөлігі — заманауи үлгідегі, кең әрі жайлы, кондиционерлік жүйемен жабдықталған жаңа автобустар. Олардың қозғалысы GPS жүйесі арқылы нақты уақыт режимінде бақыланып, тасымалды тиімді үйлестіруге жол ашады.

2024 жылдың 18 мамырынан бастап қалада қоғамдық көліктерге «alempay» электронды төлем жүйесі толық енгізілді. Бұл жоба тұрғындар тарапынан оң қабылданып отыр. Қазір жолаушылар жол ақысын төрт түрлі тәсілмен төлей алады: көлік картасы, QR-код сканерлеу, банктік карталар және SMS-хабарлама арқылы.

Электронды төлем жүйесінің енгізілуі есептілікті арттырып, тасымалдаушылар арасындағы көлеңкелі табыс көздерін жоюға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, деректерді нақты жинау арқылы жолаушы ағынын талдау, маршруттарды оңтайландыру және автопаркті тиімді басқару жұмыстары жүйеленді. Бүгінгі күні жол жүру құны: электронды төлеммен — 70 теңге, ал қолма-қол есеп айырысқанда — 100 теңге.

Қоғамдық көліктерді жаңғырту барысында «Ақылды қала» тұжырымдамасы негізінде бірқатар инновациялық шешім енгізіледі. Қаланың орталық көшелерінде цифрлық таблолармен, Wi-Fi, USB қуаттау порттарымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған «ақылды» аялдамалар орнатылып жатыр. Мұндай аялдамалар жолаушыларға келесі автобустың келу уақыты, маршруттар бойынша ақпарат және қауіпсіздік жайлы мәліметтерді нақты көрсетеді.

Сондай-ақ, түркістандықтар арнайы мобильді қосымша арқылы автобустардың нақты қозғалысын онлайн режимде қадағалап, бағытын алдын ала жоспарлай алады. Бұл — уақытты үнемдеуге, көлік күту уақытын қысқартуға және сапарды тиімді ұйымдастыруға септігін тигізіп отыр.

автобус, қоғамдық көлік, аялдама
Фото: Түркістан қаласының әкімдігі

Әлеуметтік әділеттілік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Қазіргі таңда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», «Ана даңқы» ордендерінің иегерлері және І топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие. Ал мектеп оқушыларына 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Бұл жеңілдіктер арнайы электронды карталар арқылы рәсімделеді.

Жолаушылардың қауіпсіздігі де басты назарда. Барлық автобус пен аялдамалар бейнебақылау жүйесімен жабдықталып, құқықбұзушылықтың алдын алу және жолаушылардың мүлкін сақтау мақсатында қауіпсіздік деңгейі арттырылуда.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласының қоғамдық көлік жүйесі тек көлік тасымалы саласы емес, тұтас қаланың цифрлы және интеллектуалды даму бағытының айқын көрінісіне айналды. Алдағы уақытта экологиялық таза — электрлі автобустарды енгізу, диспетчерлік басқару жүйесін толық автоматтандыру, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған бейімделген көлік бағыттарын енгізу жоспарда бар.

Түркістан қаласы әкімдігі мен тиісті сала мамандары қоғамдық көлік саласын жетілдіру арқылы тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы, ыңғайлы әрі қауіпсіз ортаны қалыптастыруға күш салып келеді. Цифрлық инновацияға негізделген көлік жүйесі — Түркістанның тұрақты дамуына бағытталған сенімді қадам.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақылды қала» концепциясы ретінде Түркістанның жаңа даму кезеңі басталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар