Түркістанда «Қолөнер қалашығы» мен жаңа ипподром салынып жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Жыл басынан бері Түркістан облысында туризм саласына 63 млрд теңге инвестиция бағытталды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңа туристік орындар мен шипажайлар құрылысы туралы айтып берді.
Әкімнің айтуынша, облыстың туристік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Өңірде туризм саласының 3 негізгі бағыты айқындалған: тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі.
«Жыл басынан бері облысқа 400 мыңнан астам турист келді. Табиғи аумақтарға – 124 мың адам, шипажайға – 135 мың адам, қонақ үйлерге – 210 мың адам барған. Сонымен қатар, «Әзірет Сұлтан», «Отырар» қорық-музейі секілді тарихи орындарға 810 мың адам саяхаттаған», - деді Д. Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде.
Әкімнің мәліметінше, туризм саласына жыл басынан бері 63 млрд теңге инвестиция бағытталды. Туристерге қосымша өнімдер және жаңа туристік бағдарламаларды ұсыну үшін ірі жобалар қолға алынды.
«Түркістан қаласында 2,5 гектар аумақта «Қолөнер қалашығы» және 99 гектар жерге «Ипподром» салынуда. Жыл сайын елді мекендегі емдік-сауықтыру ұйымдарының саны өсуде. 2023-2025 жылдар аралығында 7,5 млрд теңгені құрайтын 6 емдік-сауықтыру ұйымы салынады», - деді Дархан Сатыбалды.
Айта кетейік, Түркістанда шетелге жұмыс күштерін дайындайтын Арнайы орталық ашылды. Бұл орталық Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетін азаматтарды оқытып, дайындайды.
Сондай-ақ, бұрын шетелден әкелінетін су үнемдеу технологиялары Түркістанда шығарылып жатыр.
Облыстағы индустриялық аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында индустриялық аймақтарда электр энергиясы тарифі 47 теңгеден 25 теңгеге дейін арзандатылды.