Түркістанда комиссия отырысы кезінде әкімдік қызметкері балабақша иесіне қол көтерген

Әкімдік
Фото: Видеодан алынған кадр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облыстық білім басқармасында өткен комиссия отырысында  балабақша иесіне күш қолданған. Бұл сәттің видеосы отырыстың түсірілімі кезінде түсіп қалған. Бұл туралы Otyrar.kz жазды. 

Бейнежазбаны Түркістан қалалық мәслихат депутаты Сәкен Хандиллаев Facebook парақшасында жариялады.

«Әкімдіктен пана, көмек сұрап келіп жатқан халық келіп, таяқ жеп кетіп жатса, «Мемлекеттік қызмет туралы» заң бұған не дейді? ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бұған не дейді, әлде мемлекеттік қызметкерлерге арналған заң тек аудандар мен ауыл әкімшіліктерінде қызмет жасайтын жәй мамандарға ғана қолданыла ма», — деп жазды автор.

Бұл жайт облыстық білім басқармасында өткен балабақшалар жөніндегі комиссия отырысы кезінде болған. Соққыға жығылдым деген әйел балабақша иесі екен. Отырыс кезінде әйел азаматтары арасында жанжал туындаған. Видеодан әкімдік қызметкерінің балабақша иесіне ашуланып, кейін жұлқылап, қол көтергенін көруге болады.

«Соңғы үш-төрт жылдан бері әйелдерге қатысты зорлық зомбылық жасағандарға қарсы заңдарды қатаңдату бойынша мемлекеттік деңгейде талқыланулар болып, нәтижесінде Заңға қол қойылып, бекітілді. Ол заңға сәйкес, әйелдерге қол көтергені үшін 3- 8 жыл аралығында қылмыстық жауапкершілікке дейін тартылатын секілді. Ал осындай әйел кісіні, мемлекеттік органның ішінде, мемлекеттік қызметкер дүйім жұрттың көз алдында ұрып- соғып жібергені үшін сот 10 АЕК көлемінде айыппұл қарайды екен. Ал осы әйел кісі отбасында осындай шапалақ жесе, күйеуі 20 тәулікке қамалар еді. Осындай жағдайларға қарап, мемлекеттік қызметкерге әйелдерді ұруға артықшылықтар берілген бе деген ой келеді», - деп жазды мәслихат депутаты Сәкен Хандиллаев.

Балабақша иесі әкімдік қызметкерінің үстіне арызданған. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, арыз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабы 1-тармағы (Ұрып-соғу) бойынша тіркеліп, іс материалдары сотқа жолданған.

Жоғарғы соттың ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, аталған іс Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралған. Сот қаулысымен әкімдік қызметкеріне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.

Түркістан облыстық әкімдігіндегілер балабақша иесіне күш қолданды деген әйел әкімдіктің ішкі аудит қызметінің бас инспекторы екенін айтты. Аталған оқиғадан кейін қызметкерден түсініктеме алынып, әдеп нормаларын сақтамағаны үшін оған қатаң сөгіс беріліпті.

Соңғы жаңалықтар