Түркістанда тропикалық жеміс бағы бар
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында алғаш рет жылыжай жағдайында тропикалық жеміс – банан өсіріліп отыр.

Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі кешен бүгінде ауыл шаруашылығының тың бағытына жол ашып, жергілікті тұрғындар үшін өндірістік әрі демалыс орнына айналды. Мұнда келушілер банан бағын аралап, тропикалық жемістерді тамашалай алады. Кіру бағасы – ересектер үшін 1 000 теңге, балалар үшін 500 теңге. Ал, жылыжайдан шығарда Түркістанда өсірілген бананның келісін 750 теңгеден сатып алуға болады.
Банан бағына кіргенде алдымен биік ағаштар бірден көзге түсті. Жылыжай ішіндегі жолмен жүріп, жасыл желекті аралап шығуға мүмкіндік бар. Әр ағаш түбінде суару қондырғылары орнатылған. Жапырақтары көлемді, сабағы жуан бұл ағаштардың басында салбырап тұрған банандар келушілерге ерекше әсер қалдырады. Көптеген қонақ мұнда суретке түсіп, таңданысын білдіріп жатты.

Таскешу елді мекенінде орналасқан «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-нің жылыжай кешені жалпы 5,3 гектар аумақты қамтиды. Бұл – ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып тропикалық жемісті өндірістік деңгейде өсіруді қолға алған тың жоба. Қазіргі таңда мұнда жылына 1 мың тоннаға жуық өнім алынып, ішкі нарыққа жеткізіліп келеді.
Кешен директоры Тимур Утешевтің айтуынша, 2023 жылы іске қосылған жобаның алғашқы кезеңінің құны 1 млрд 56 млн теңгені құраған. Барлық құрал-жабдықтар Түркиядан әкелінген. Қазірдің өзінде кәсіпорында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, қосымша 15 тұрғын маусымдық еңбекке тартылған.
Алдағы уақытта жылыжай аумағы кеңейтіліп, қосымша 4,8 гектарға банан, 5,4 гектарға қызанақ, 1 гектарға құлпынай және 2,7 гектарға қияр өсіру жоспарланып отыр. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда жыл сайын 1 500 тонна банан, 120 тонна құлпынай, 3 153 тонна қызанақ және 1 125 тонна қияр өндірілмек. Жобаның жалпы құны – 13,4 млрд теңге. Нәтижесінде 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Мемлекет тарапынан инфрақұрылымдық қолдау көрсетіліп, жылыжай кешені сумен, электр қуатымен және газбен жабдықталған. Сондай-ақ жер асты суын тиімді пайдалану мақсатында ұңғыма қазу жұмыстары жүргізілген.
Алғашқы кезеңде тәжірибе ретінде аумаққа бананның «Анамуз» сортынан 7 400-ден астам көшет отырғызылған. Арнайы агротехникалық әдістер қолданылып, тропикалық жемістің жерсінуіне бар жағдай жасалған.
– Бұл өнім ең алдымен Қазақстанның ішкі нарығына бағытталады. Бағасы сырттан әкелінетін бананға қарағанда әлдеқайда қолжетімді болады. Себебі тасымалдауға кететін шығын жоқ, - дейді жоба жетекшісі Тимур Утешев.

Мұнда заманауи құрал-жабдықтармен қатар тәжірибелі агроном мамандар да Түркиядан арнайы шақырылған.
– Банан ағашы 10-15 жылға дейін өнім береді. Алғашқы өнімді алып үлгердік. Қазіргі таңда лимон мен құрма сияқты өзге де тропикалық жемістерді сынақ ретінде егіп жатырмыз. Алдағы уақытта олардың түрін көбейтуді жоспарлап отырмыз, - дейді шаруашылық иелері.
Айта кетейік, бұдан бұрын қуаңшылықтан Түркістан облысының қай аймағы көп зардап шеккенін жазған болатынбыз.