Түркістанда цифрлық форматтағы ашық есік күні өтті

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Ашық есік күніне келген тұрғындар түрлі мәселелерін көтеріп, құзырлы мамандарға сауалдарын жолдады. 

Түркістанда цифрлық форматтағы ашық есік күні өтті
Фото: Түркістан қаласы әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында мемлекеттік аппараттың басты міндеті — халыққа сапалы қызмет көрсету, азаматтардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау екендігін әрдайым атап өтеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес бүгінде елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырылып, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға басымдық беріліп келеді. Әсіресе, цифрлық технологияларды енгізу арқылы халықтың сұранысына жедел әрі тиімді жауап беру бағытында тың бастамалар қолға алынып жатыр.

Осыған орай, Түркістан қаласында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен қала әкімі аппаратына қарасты Азаматтарды қабылдау орталығы бірлесіп, цифрлық форматтағы ашық есік күнін өткізді. Бұл шара мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жетілдіруге, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және халық пен билік арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтуға бағытталды.

Іс-шараның басты мақсаты — азаматтарға мемлекеттік қызмет түрлерін алу барысында құқықтары мен мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат беру, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар сұрақтар бойынша жан-жақты қолдау көрсету.

Түркістанда цифрлық форматтағы ашық есік күні өтті
Фото: Түркістан қаласы әкімдігі

Ашық есік күніне келген тұрғындар түрлі мәселелерін көтеріп, құзырлы мамандарға сауалдарын жолдады. Соның ішінде ең көп қойылған сұрақтар — тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі, жұмыссыз ретінде тіркелу, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау, әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерге қол жеткізу, жер қатынастарына қатысты құқықтарды рәсімдеу тақырыптарына қатысты болды. Барлық өтініш иелеріне мамандар тарапынан толық әрі түсінікті жауаптар беріліп, қажетті құжаттарды рәсімдеуге байланысты практикалық кеңестер ұсынылды.

Азаматтарды қабылдау орталығы қызметкерлерінің айтуынша, мұндай форматтағы іс-шаралар тұрғындар үшін аса тиімді. Өйткені көп жағдайда азаматтар мемлекеттік қызметтерді электронды порталдар арқылы алу мүмкіндіктерін толық білмей жатады. Ашық есік күні барысында мамандар электрондық үкімет порталын, мобильді қосымшаларды пайдалану жолдарын үйретіп, цифрлық қолтаңбаны қолдану тәртібімен таныстырды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың заманауи технологияларды игеруіне жол ашып, уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, іс-шара барысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері де назардан тыс қалған жоқ. Жеке қабылдауларда айтылған өтініштер жүйеленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықтың сұранысына бейімделген мұндай кездесулер мемлекеттік қызметшілер үшін де үлкен тәжірибе мектебі саналады. Өйткені қоғаммен бетпе-бет пікір алмасу арқылы өзекті мәселелерді анықтап қана қоймай, оны шешудің тиімді жолдарын қарастыруға мүмкіндік туады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мұндай шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта ашық есік күндерінің ауқымын кеңейтіп, ауылдық жерлерді де қамту көзделуде. Бұл — «цифрлық мемлекет» тұжырымдамасына сай, халық пен билік арасындағы байланысты одан әрі жандандыруға бағытталған қадам.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей «Халықтың сенімі — мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқын жұмысының нәтижесінде қалыптасады. Әрбір мемлекеттік қызмет азамат үшін қолжетімді әрі түсінікті болуы тиіс». Осы орайда, Түркістан қаласында ұйымдастырылған ашық есік күні Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асырудың нақты көрінісі болды.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда цифрлық технологиялар тиімділікті арттырып жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар