Түркістандағы әлеуметтік орталықта адамдар отырған жерде дезинфекция жүргізілген
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысындағы №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында азаматтар отырған бөлмеде дезинфекция жүргізілгені түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды.
Бейнежазбада арбада отырған азамат дезинфекция жұмыстарының алдын ала ескертусіз жүргізілгенін айтқан. Сондай-ақ кадрлардан бір адамның қарияның киімінен ұстап, оны тысқа шығаруға тырысқаны көрінеді. Жазба авторы дезинфекция талаптарының сақталуы, қолданылған препараттың түрі және қызметкерлердің жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілуіне қатысты сауалдар қойған.
Жағдайға байланысты Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ресми түсінік берді.
Ведомствоның мәліметінше, бейнежазба қазіргі жағдайды көрсетпейді. Видеода бейнеленген қария мекеменің ішкі тәртіп қағидаларын бұзуына байланысты 2024 жылғы 26 желтоқсанда орталықтан шығарылған.
– Осыған орай, бейнежазбаны қазіргі жағдай ретінде тарату шындыққа сәйкес келмейді. Сонымен қатар қызмет алушының әлеуметтік-медициналық сараптама қорытындысына қатысты шағымы қаралып жатыр. Азаматтың мүгедектік тобын өзгерту туралы шешім қабылдау мекеменің құзыретіне кірмейді. Бұл мәселе тиісті уәкілетті органның қорытындысы негізінде шешіледі, – делінген басқарма ұсынған жауапта.
Сондай-ақ дезинфекциялық жұмыстардың белгіленген аумақта, яғни дәлізде жүргізілгені хабарланды.
– Жұмыс барысында қызмет алушылардың жағдайы медицина қызметкерлерінің бақылауында болды. Басқа қызмет алушылардың денсаулығына зиян келтірген жағдай тіркелмеді, – деп мәлімдеді басқарма.
Бұған дейін Түркістан облысында науқастар емделіп жатқан кезде ауруханада жөндеу жүргізілгенін жазған едік.