Түркістандағы екі әйел сауда орталығында балалардың көзінше төбелесті
АСТАНА. KAZINFORM — Түркістандағы балалар ойын алаңында екі әйелдің арасындағы жанжал төбелеске ұласып, қылмыстық іс қозғалды. Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Оны сауда орталығына келген әйелдердің бірі түсірген.
Әлеуметтік желідегі мәліметке қарағанда, оқиға 7 қарашада Turan Mall сауда-ойын-сауық орталығындағы Baloo балалар ойын алаңында болған. Видео авторының айтуынша, келушілердің бірі басқа әйелдің баласын қағып кеткеннен кейін дау шыққан. Осыдан соң баланың анасы не болғанын анықтау үшін оған жақындаған.
Жарияланған видеода әйелдердің сауда орталығына келген адамдардың көзінше сөзге келіп қалғаны көрінеді. Бір сәтте олардың бірі екіншісін итеріп жібереді. Бұған жауап ретінде екінші әйел оған бірнеше рет соққы жасаған. Оқиға ересектер мен балалардың көз алдында болған.
Түркістан облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Гүлнар Әбдіжаппарова жағдайға қатысты түсінік берді.
— Түркістандағы сауда орталықтарының бірінің ойын алаңында болған жанжал фактісіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтер бойынша екі қатысушы арасында жанжал орын алып, соңы біреуінің дене жарақатын алған төбелеске ұласқан, — деді Гүлнәр Әбдіжаппарова.
Күдіктінің кім екені анықталып, тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция басқармасына жеткізілді. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Іске қатысты өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Меладзе концертінде төбелес шығарған әйел бес тәулікке қамалғанын хабарлағанбыз.